Шараға Үржар ауданының әкімі, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдері, жоба авторы, Алматы қаласы қоғамдық кеңесі мәдени саясат комиссиясының төрағасы, қоғам қайраткері – Шалабаев Құсман Кәрімұлы бастаған бір топ делегация қатысты.
«Теңдесі жоқ ерліктің символындай бұл ескерткіш елге керек, келешек ұрпаққа керек, қазақтың ынтымақ-бірлігі үшін керек. Бұл ескерткіш – халқымыздың қаhармандығы мен бірлігінің куәсі. Жас ұрпақты патриотизмге баулуда баға жетпес үлгі-өнеге болып қалатындығы сөзсіз» , - деді шараның шымылдығын түрген Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин.
Сонымен қатар, ескерткіштің бой көтеруіне қаржылай қолдау көрсеткен Құсман Кәрімұлы Шалабаевқа аудан халқының атынан алғыс білдірді.
Ескерткіштің авторы елімізге танымал мүсінші Болат Далбасұлы Құсайынов. Батыр ескерткішінің биіктігі 10 метр, гранит тастан қашалып жасалған. Шара аясында мүсінші Болат Құсайыновқа Үржар ауданы мәслихатының шешімімен ауданның Құрметті азаматы атағы берілді.
Жоба авторы батырдың бейнесіне ерекше назар аударған. Өйткені шайырдың бейнесі әдеттегідей аттың үстінде емес, қасқайып тік тұр.
[caption id="attachment_25548" align="aligncenter" width="396"] Құсман Шалабаев[/caption]
«Жер-жерде атпен тұрған батырлардың барлығы бір-біріне ұқсас, ажырата алмаймыз. Тек қана батыр деген аты ғана. Тіпті ат пен батырдың бейнесі бір – біріне сәйкес келмейді. Сондықтан біздің ескерткішке берген образымыз, соңғы түйіндеген ойымыз – білектің күші, найзаның ұшы. Осындай әсермен жасалған образдық дүние болып шықты»
деді Құсман Шалабаев.
Сонымен қатар, шара барысында Қабанбай батырға арналған ғылыми – танымдық конференция өтті. Батырдың рухына арналған ас берілді. Айта кетейік, биыл Үржар жұртшылығы батыр бабамыздың 325 жылдығын атап өтпекші.