Ол – қара құрлықтағы Конго елінің тумасы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан құрамасы мүшесі Дарсиль Эссамамбо.
Жиырма үш жастағы Дарсиль Эссамамбо анасының туған жері Алматыға Конго Республикасынан осыдан 20 жыл бұрын сәби шағында келген екен. Біздің елдің жиені Дарсиль 11 жасынан бастап аяғына коньки байлап, осы спорт түрімен айналыса бастаған.
Мемлекеттік тілмен қоса алғанда үш тілді еркін меңгерген спортшы бүгінде талай байрақты бәсекеде Қазақстандай Отанының намысын қорғаған.
– Бүгінде мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткіздім. Әлем кубогын жеңіп алдым. Биылғы маусымның басты жарысы – бұл менің сүйікті Алматымда өтетін Универсиада. Универсиада ойындарында мен Қазақстан намысын қорғап, абыройлы болғым келеді. Жақсы өнер көрсетіп, медаль алу мүмкіндігім бар, – дейді конькиден Қазақстан құрама командасы мүшесі Дарсиль Эссамамбо.
Барлық жағынан біраз отандастарына үлгі боларлық спортшы өз мақсаты жолында аянбай тер төгіп жатқанын айтады. Аптасына бес күн дайындалатын Дарсиль күніне екі рет жаттығу жасайды екен. Аламан алдындағы қызу дайындықта жүрген спортшы, қатаң диетада жүрсе де қазақ асханасының құнарлы тамағын жақсы көретінін айтады.
– Қазыны өте жақсы көремін. Қазақтың ұлттық тағамы болмаса да палауды жақсы көремін. Сосын шәй ішу. Қымыз, шұбат дегендей… Қазақпыз ғой енді... – дейді ел намысын ту еткен Дарсиль Эссамамбо.
Конькимен жүгіруден ҚР құрама командасының мүшесі Дарсиль Эссамамбо Универсиадада 500 метр қашықтықта додаға түседі. Әлем кубогының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дарсиль аталмыш қашықтықты 35-36 секундта еңсеріп жүр. Бұл жаттығу (500 метр) бойынша әлем рекорды – 34 секунд.
Қазақстандық спортшының бір арманы – әлемдік рекордты жаңарту. Дарсиль бүгінгі күнгі басты арманы – Универсиада-2017 ойындарының тұғырында Қазақстан жалауын желбірету екенін айтады. Ол өз үйінде, Медеуде өтетін сайыстарда отандастарының қолдауына сүйенетініне сенімді.
– Мен 500 метрлік қашықтықта жарысқа шығамын. Жарыста екі рет айдынға шығып, екі мүмкіндіктің ең жақсы нәтижесі ескеріледі. Сайыстар 1 ақпан күні өтеді. Келіп, біздің командаға жанкүйер болыңыздар, – дейді қазақстандық спортшы Дарсиль Эссамамбо.
Өзін «қазақпын» дейтін, армандарымен ана тілімізде бөліскен, қазақы мінез қара бала осылайша ағынан жарылып жатыр. Арманыңа жет, Дарсиль!
Нұрлан СҮЙІН