Үндістандағы қауіпті вирус Қазақстанға жетті ме?

Сағыныш Сардарова 26 қаң. 2026 14:14

Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ, оны ел аумағына әкелу жағдайы тіркелген жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда.

"Профилактика мақсатында және Үндістандағы Нипах вирусы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу бекетінде санитария-карантин бақылауын күшейтті. Үндістаннан және ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінен келген адамдарға ерекше назар аударылады. Осы инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізбесі тұрақты негізде қайта қаралады және жаңартылады", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, медициналық ұйымдар дайын.

"Шұғыл медициналық көмек және инфекциялық стационарлар дайын, дәрілік заттардың, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялау құралдарының қоры жасақталды", - деп жазылған хабарламада.

ДСМ эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын сақтауды, елге келгеннен кейін ауру белгілері пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгінуді ұсынды.

Айта кетейік, Нипах вирусы зооноз инфекцияға жатады. Ол адамға жануарлардан, соның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан, ауру жұқтырған адаммен тығыз байланыстан жұғады. Ластанған тағамдар мен сусындар арқылы да берілуі мүмкін.

Ауру жоғары температура, бас ауруы, жалпы әлсіздік, ал ауыр жағдайларда орталық нерв жүйесі зақымдалуы және пневмония арқылы көрінеді. Бүгінде Нипах вирусына қарсы арнайы ем және мақұлданған вакцина жоқ. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove