Үндістанда студенттер мен полиция арасында жаппай қақтығыс болды

Үндістанда студенттер мен полиция арасында жаппай қақтығыс болды
Фото: Ritesh Shukla / Getty Images

Үндістанның бірнеше қаласында билік партиясының өкілдері, оппозиция белсенділері, студенттер мен полиция арасында қақтығыс болды. Наразылық емтихан материалдарының сыртқа тарауына және Telegram желісінің уақытша бұғатталуына байланысты басталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шерулерді ресми тіркелмеген сатиралық "Халықтық тарақандар партиясы" ұйымдастырған. Қозғалыс мүшелері білім министрі Дхармендра Прадханның отставкаға кетуін талап етті.

20 шілдеде Делиде аталған қозғалыстың мыңдаған жақтаушысы парламент ғимаратына қарай шеруге шыққан. Полициямен болған қақтығыстан, ұйымдастырушылардың мәліметінше, 60-қа жуық наразылық білдіруші мен 118 тәртіп сақшысы зардап шеккен.

Келесі күні Үндістанның басты оппозициялық күші – Үнді ұлттық конгресінің жетекшілері шерушілерді қолдап, премьер-министр Нарендра Модидің резиденциясына қарай бет алған. Акция кезінде полиция оппозиция жетекшісі Рахул Гандиді және партияның басқа да өкілдерін күш қолданып ұстады. Кейін олар босатылды.

22 шілдеде Рахул Ганди білім министрінің қызметтен кетуін және премьер-министрдің студенттерге қарсы күш қолданылғаны үшін кешірім сұрауын талап етті.

Осыдан кейін биліктегі "Бхаратия джаната парти" мен Үнді ұлттық конгресінің жақтастары елдің бірнеше қаласында шеруге шығып, кей жерлерде бір-бірімен және полициямен қақтығысқан.

Хайдарабадта екі партия өкілдері қарсыластарының штаб-пәтеріне қарай шеруге шықпақ болған. Полиция оларды тоқтатуға тырысқан кезде екі адам, оның ішінде әйел полиция қызметкері жарақат алды.

Патна қаласында билік партиясының жақтастары оппозиция кеңсесіне барған кезде оларға бамбук таяқтарымен қаруланған адамдар шабуыл жасаған. Оқиғаға полиция араласқан. Бірнеше адамның қатты жарақат алып, қансырағаны хабарланды.

Сол күні Патнадағы аймақтық парламент маңында жүздеген студент пен полиция арасында жаппай төбелес болды. Наразылық білдірушілердің бір бөлігі парламент аумағына басып кіргеннен кейін әкімшілік ғимаратты уақытша жауып, депутаттарды іште қалдыруға мәжбүр болған