Freedom Inside '26

Ұлытауда жүргізуші куәлігіне қатысты алаяқтық әшкереленді

Ұлытауда жүргізуші куәлігіне қатысты алаяқтық әшкереленді
zakon.Kz

Ұлытау облысында интернет арқылы жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесемін деп ақша алған күдіктінің әрекетінен 20-ға жуық адам зардап шеккен, деп хабарлайды dalanews.kz.

ІІМ мәліметінше, Сәтбаев қаласының тұрғыны әлеуметтік желілер мен интернет арқылы азаматтарға жүргізуші куәлігін алуға көмектесетінін айтып, қызметін ұсынған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол жәбірленушілерден ақша алып, кейін байланысқа шықпай қойған. Қазіргі уақытта оның әрекетінен зардап шеккен шамамен 20 адамның бар екені анықталды.

Күдіктіні Ұлытау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен ұстаған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Полиция жүргізуші куәлігін Қазақстанда тек заңда белгіленген тәртіппен – арнайы оқудан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырғаннан кейін және құжаттарды ХҚКО арқылы рәсімдеу жолымен ғана алуға болатынын еске салды.

Құқық қорғау органдары жүргізуші куәлігін емтихансыз немесе оқусыз рәсімдеп беремін деген ұсыныстардың заңсыз екенін және мұндай әрекеттердің алаяқтық белгілеріне ие болуы мүмкін екенін ескертті.