Freedom Inside '26

Ұлттық банктің шешімі теңгеге қалай әсер етеді? Сарапшы болжам жасады

Ұлттық банктің шешімі теңгеге қалай әсер етеді? Сарапшы болжам жасады
Фото: dknews.kz

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін төмендетуі теңге бағамына қысқа мерзімді қысым түсіруі мүмкін. Мұндай пікірді экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауыржан Шұрманов білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Онвң сөзінше, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені бірден 1 пайыздық тармаққа төмендетіп, 17%-ға дейін түсіруіне бірқатар объективті макроэкономикалық фактор негіз болған.

Ол мамыр айында жылдық инфляцияның 10,4%-ға дейін баяулағанын, ал халықтың инфляциялық күтулері 12,4–12,7% аралығында тұрақтанғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан экономикасының 2026 жылға арналған өсім болжамының 4,5–5,5%-ға дейін жақсаруы елдегі экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсететінін айтты.

Сарапшының пікірінше, бұл шешім валюта нарығында қысқа мерзімді түзетуге әсер етуі мүмкін. Себебі базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңгелік қаржы құралдарының табыстылығын азайтып, олардың инвесторлар үшін тартымдылығын төмендетеді.

"Қазіргі кезде доллар бағамы шамамен 490 теңге деңгейінде тұрақтап тұр. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі ұлттық валютаға белгілі бір дәрежеде қысым түсіруі мүмкін. Демалыс маусымының басталуы және Ұлттық қордан валюта айырбастау көлемінің қысқаруын ескерсек, алдағы бір айда USD/KZT бағамының 498 теңгеге қарай жылжуына алғышарттар бар", – дейді Бауыржан Шұрманов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Ұлттық банк сақтық танытып, күту позициясын ұстануы ықтимал. Өйткені коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы және квазимемлекеттік шығындардың артуы сияқты инфляциялық тәуекелдер әлі де сақталып отыр.

"Реттеуші қазір ақша-несие саясатын күрт жұмсартуға асықпайды. 24 шілдеге жоспарланған келесі отырысқа дейін Ұлттық банк нарықтың реакциясын және инфляция динамикасын бағалап, кейінгі шешімдерін соған қарай қабылдайды", – деді экономист.