Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Қаржы сарапшысы Айбар Олжай қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, реттеуші мөлшерлемені 25 немесе 50 базистік тармаққа төмендетуі мүмкін екенін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшы өз болжамын елдегі инфляция деңгейінің бәсеңдеуімен, АҚШ-тағы мөлшерлеменің өзгеріссіз қалуымен байланыстырды.
"Менің ойымша, базалық мөлшерлемені 25 немесе 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдануы мүмкін. Бұл қазіргі экономикалық жағдайға сай келеді. Инфляция 10 пайыздан төмен түсті. АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемесін көтермегендіктен, доллардың одан әрі арзандауына мүмкіндік бар. Сонымен қатар биыл Қазақстан экономикасының өсімін 5 пайызға жеткізу міндеті тұр. Осы факторларды ескерсек, базалық мөлшерлемені 16,25–16,5 пайыз аралығында белгілеу оңтайлы шешім болар еді", – деді Айбар Олжай.
Еске салайық, 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін, 28 шілдеде 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендеткен еді. Реттеуші бұл шешімді елдегі инфляцияның баяулауымен түсіндірді.
Айта кетейік, кезекті шешім 4 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Базалық мөлшерлеме - Ұлттық банк белгілейтін негізгі пайыздық көрсеткіш. Ол арқылы банк секторының жалпы бағыты айқындалып, елдегі несие мен инфляция деңгейіне әсер етеді. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлттық банк коммерциялық ұйымдарға қысқа мерзімді несие береді және олардың қаражатын депозит ретінде қабылдайды.
Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасының "бағдаршамы". Оны көтерсе, несие алу қымбаттайды, ал түсірсе керісінше арзан несие алу мүмкіндігі артады. Осылайша, Ұлттық банк осы тетік арқылы ақша айналымын реттеп, баға тұрақтылығын сақтауға тырысады.