Қазақстанда Ұлттық тауарлар "каталогын" енгізу бизнеске қысымсыз, біртіндеп жүзеге асады, деп хабарлайды Dala News.
Сауда және интеграция министрлігі Қаржы министрлігі және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, желтоқсан айында «Атамекен» ҰКП алаңында бизнес өкілдерімен кеңейтілген кездесулер өткізді. Талқылаулар барысында тауарларды тіркеу, POS-терминалдар, жүйелерді интеграциялау секілді мәселелер қаралып, кәсіпкерлерге толық түсіндірмелер берілді.
Келіссөздер нәтижесінде Сауда және интеграция министрлігі, Қаржы министрлігі және «Атамекен» ҰКП Ұлттық тауарлар каталогын кезең-кезеңімен енгізу туралы меморандумға қол қойды. Құжатта нарықтың, мемлекеттік сервистер мен ақпараттық жүйелердің дайындығын ескере отырып, ортақ тәсіл бекітілді.
Меморандумға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әкімшілік жауапкершілік қолданылмайды. Бұл бизнестің алаңдаушылығын азайту және Ұлттық тауарлар каталогының мемлекеттік дерекқорын сынақтан өткізу кезеңін аяқтау үшін жасалды. Кәсіпкерлік қызмет ешқандай шектеусіз жалғасады.
Талаптар 2026 жылы мынадай тәртіппен енгізіледі:
•Импорттаушылар мен отандық өндірушілер үшін – 2026 жылғы 1 наурызға дейін
•Сауда желілері үшін – 2026 жылғы 1 сәуірге дейін
•Шағын және микробизнес, оның ішінде «үй жанындағы дүкендер» үшін – 2026 жылғы 1 шілдеге дейін
Мұндай тәсіл бизнес-процестердің бейімделуіне уақыт беріп, барлық қатысушылар үшін талаптарды бір мезетте енгізуден туындайтын тәуекелдерді азайтуды көздейді.
