Ұлттық құрылтай – тың идеялар алаңы

Жарбол Кентұлы 15 нау. 2025 13:21 230

Ұлттық құрылтай – үлкен диалог алаңы. Өйткені онда қоғамның барлық салаларының топтан озып шыққан, қоғам алдында өз саласын мойындатқан мықтылары бас қосып отыр. Сондықтан Президентіміз де Ұлттық құрылтайға үлкен мән беріп, қазақтың тарихи, идеологиялық әрі ұлттық тұрғыдан маңызды өлкелерінде өткізіп келеді.

Алғашқы жиын ұлт ұясы – Ұлытаудан басталып, одан кейін түркінің төрі – Түркістанда, былтыр мыңдаған жылдық тарихымыздың қайнар көзі болған көне Сарайшық қаласы жанындағы Атырауда өтсе,  биыл жер шоқтығы – Көкшетау, Абылай хан орда тіккен Бурабайда бас қосып жатырмыз. Мұның өзі қоғам ретінде, ұлт ретінде түсіне білгенге  маңызды ой салары анық. Алқалы жиын туралы қоғам белсенділері мен Құрылтай мүшелері  осындай пікір білдірді.

 

Біржан БАЙТУОВ, Ұлттық құрылтай мүшесі, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, "Қаратау" өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын: 

 

– Байқасаңыздар, жылда Президент Жолдауларында мемлекеттегі негізгі мәселелерді көтереді. Ұлттық құрылтайда еліміздің негізгі бағыт-бағдары, межесі белгіленеді. Мемлекет басшысының өзі алқалы жиынға үлкен мән беріп, ден қойып отыр.

Бурабайда басталған Ұлттық құрылтай жиыны бірнеше жұмыс тобынан құралған. Төрт секцияға бөлініп жұмыс жасап жатыр. Мәселен, мәдениет, руханият, өнер секциясы. Одан бөлек, азаматтық қоғам, экономика, әлеумет, ғылым, білім деген секілді. Әрине, сала-салаға бөліп қарастырған өте орнықты, орынды. Өйткені азаматтардың әрқайсысын өз саласына байланысты жеке-жеке нақтырақ терең ұсыныстарды айтуға мүмкіндік болады.

Мәселен, кеше өткен мәдениет, руханият, өнер секциясында жұмыс үш сағатқа созылды. Секцияны ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Айда Ғалымқызы Балаева ханым жүргізді. Көптеген ұсыныстар айтылды. Біздің мүйізі қарағайдай, аузы дуалы Аманжол Алтай, Жанарбек Әшімжан секілді ақын ағаларымыз бастап, қоғамда өзінің орны бар Қайрат Жолдыбайұлы секілді қоғам қайраткерлері,  Максим Рожин, Жұлдыз Сүлейменова секілді депутаттарымыз, ғылым-білімнен Асқар Жұмаділдаев ағамыз да мәдениет секциясына қатысып, өзінің ұсыныстарын айтты. Мен де өз кезегімде үш ұсыныс білдірдім. 

Бірінші – елімізге туристер келетін демалыс орындарының бет-бейнесі. Мәселен, шетелдік туистер елімізге қазақ деген халықтың тарихы, мәдениеті, музыкасы, киім киісі, салт-дәстүрі қандай, соған қызығып көру үшін келеді. Ал, біздің көптеген демалыс аймақтарымыз, мәселен Бурабай көлінің жағасы, Алматыдағы "Медеу" мұз айдыны, оңтүстік өңірдегі Қасқасу, Түркістан болсын, әсіресе жаздағы демалыс орындарымызда ұлттық ерекшеліктеріміз көп жағдайды сезініп тұрмайды. Шетелге барған мен Қазақстанда жүрген бірдей.

Ал, Грузияға барсақ, өзінің мәдениеті, ұлттық киімі көрініс тауып, музыкасы қойылып тұрады. Әзербайжанға барсаңыз да дәл сондай, өз тағамдары мен музыкасы ойнап тұрады. Тіпті, көрші Өзбекстанға барсаңыз да, жаздағы шомылу аймақтары мен жағажайларында өзбектің әндері әуелейді. Бізде жазда Бурабайға шомылуға келсеңіз, тек шетел музыкасы, қазақ әндерін табу қиын.

Біз екі күннен бері Бурабайдағы гольф-клуб пен қонақ үйде жатырмыз. Соның мейрамханасында Ұлттық құрылтай мүшелері келіп жатыр деген дайындықтың өзінде бір қазақша ән естімедік. Ұлттық құрылтай өтіп жатқан кезде қазақы ән тауып қоя алмай жатса, бұған дейін бұл жерде қойылмаған деген сөз. Сондықтан шетелдіктер біздің ұлттық болмысымызды тани түсу үшін туристік орындарымызға ұлттық бет-бейнемізді, бояуымызды көрсететіндей дүниелерді қолға алу керек. Қарапайым ғана нәрсе, күйлеріміз күмбірлеп, әндеріміз асқақтап тұрса игі, қазақ тілінде ақпарат алатын тұстары жеткілікті болған жөн, біздің ұлттық тағамдарымыз тұру керек деген секілді дүниелерді қолға алмаса болмайды.

Екінші мәселе- біздің ұлттық құндылықтарымызға қатысты. Соңғы кезде біздің қазақтың ұлттың құндылықтарына қараптан-қарап тас ататын адамдар көбейді. Мысалы қайбір жылы бір әнші туымызды аяғына қысып, мыжып, қорлап, оны залға лақтырып деген секілді оқиғалар орын алды.

Өткен жылы ЛГБТ өкілдері біздің киіз үйімізді қорлап, контент үшін видео түсіріп,  одан ұлттық асымызды әр түрлі сөздер жазып қорлады, соның бәріне заң тұрғысында ешқандай жауапқа тартылған жоқ. Кешірім сұрап, құтылып кетті. Неге? Өйткені заң сәл солқылдақ болып тұр.

Жуырда ғана Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мырза ұлттық салт-дәстүріміз – беташарымызды ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне енгенімен сүйінші сұрап, қуантты. Біз беташарамызды ЮНЕСКО-ға тіркедік деп қуанып жатсақ, салт-дәстүрдің ең негізгі элементі – сәлем салуды продюсер Баян Мақсатқызы жабайылыққа теңеп, сұхбат беріп отыр. Бізде қашанғы бұлай бола береді. Бүгін Баян, ертең Аян, арғы күні Саян айтады, сондықтан осы жағына заңды тұрғыда жауапкершілікті күшейтуді қолға алуды ұсындым.

Үшінші – біздің оқушы балаларымызды жазғы лагерьлермен қамту мәселесі. Өйткені елдегі балалардың 10 пайызға жуығы да жазғы лагерьлермен қамтылмайды. Шымкенттің өзінде 269 мың оқушы бар.  Қарасаңыз, Ұлытау облысы секілді жердегі халық санымен пара-пар. Ал, олардың жаз айын мағыналы, сапалы өткізуі мемлекет үшін маңызды. Сондықтан біздің балаларымызға арналған демалыс аймақтарын жүйелі жұмысын қалыпқа келтіріп,  көбейту әрі көркейту керек. Ол жердегі тәлім-тәрбие мәселесіне мән беру керек. Бала екі апта уақытын шабыттанып, есте қалатындай өзкізіп қайту керек. Сонымен қатар, жыл он екі ай Олимпиадалардан жеңімпаз болған оқушыларды да лагерьлерге жіберу жағын жүйелі түрде кеңірек қамту керек. Елде «Тау самалы», «Балдәурен» секілді лагерьлер жұмыс істеп тұр, бірақ ол аздық етеді. Осындай мәселелерді мемлекеттік тұрғыда қарап, қолға алса екен деген ұсыныс айттым. Бұл менің ғана ұсыныстарым. Қаншама қоғам өкілдері жан-жақтан осындай ұсыныстар айтып, оны саралап, жүзеге асырылса игі.

Ұлттық құрылтай-тың идеялар алаңы. Ал, идея – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан осы жұмыстарды Үкімет, жергілікті атқарушы органдар, министрліктер тарапынан жүйелі түрде жүзеге асырылса, мемлекетті алға қозғайтын үлкен күш болатыны сөзсіз. Биылғы Құрылтай да жоғары деңгейде өтті.

 

Уайс ЕРСАЙЫНҰЛЫ, Ұлттық құрылтай мүшесі, Ақтау қаласы мәслихатының депутаты,  қоғам қайраткері:

– Қазақта «Келісіп пішкен тон, келте болмас» деген әдемі сөз бар. Ұлттық құрылтай –халықтың ой-пікірін ескере отырып, елдің дамуына бағытталған нақты шешімдер қабылданатын, ұлтқа ұстын, халыққа бағдар беретін маңызды алаң. Кез келген түйінді түйіткілдер ақылдасу, мәмілесу арқылы шешіледі ғой.  Мұнда өз саласының кіл мықтылары, елге танымал азаматтар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері бас қосып, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелелерді көтереді. Көтеріп қана қоймай, оны  шешу жолдарын қарастырады, өз ұсыныстарын ортаға салады.

Президент Ұлттық құрылтайды халықтың әл-ауқатын жақсартуға, рухани құндылықтарын байытуға және осы арқылы мемлекеттің өркендеуіне бағытталған маңызды бастама ретінде ұсынды. Мемлекет басшысы әу бастан-ақ бұл жиынның сән-салтанат үшін емес, елдің өзекті мәселелерін шешуге арналғанын баса айтқан еді. Демек, алқалы жиын әлеумет үшін маңызды, қоғам үшін қажетті. Құрылтай – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді талқылап, халықтың санасын жаңғыртуға, елімізді өз құндылықтарымен жаһанға танытуға арналған алаң. Ұлытауда 42 ұсыныс айтылса, Түркістанда 106 бастама көтерілді. Ал,  Атыраудағы алқалы жиында  бұл көрсеткіш 149-ға жетіп, оның нәтижесінде жыл соңына дейін тоғыз заң қабылданды. Бұл – Ұлттық құрылтайдың нақты істер мен оң өзгерістерге бастайтын тиімді диалог алаңы екенін көрсетеді. Бұрын мұндай алаң болған жоқ. Бұл да Ұлттық құрылтайдың дербес, интеллектуалдық ортаға айналу мүмкіндігі әлеуетінің зор екендігін байқатты деп ойлаймын.

Айта кетерлік, Ұлытауда Республика күнін қайта мереке ретінде бекіту, еңбек адамын қадірлеу, латын әліпбиіне көшу мәселелері көтерілді. Түркістандағы жиында мемлекеттік марапаттар жүйесін дамыту, жастар мен балалардың білімін арттыру мәселелері талқыланды. Атырауда болса, қоғамдық құндылықтар, дәстүрлерді сақтау және қоғамдағы радикалды көзқарастарды сынға алу мәселелері қаралды.

Құрылтай нәтижесінде көптеген маңызды заңдар қабылданды, мысалы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, вейп саудасына тыйым салу, ойын бизнесін реттеу, есірткі саудасын қылмыс деп тану сияқты. Сонымен қатар, мемлекеттік наградалар мен әдеби атақтарды қайта енгізу мәселелері де шешілді.

Биыл да көтеріліп жатқан мәселе өте көп. Мен «Азаматтық қоғам» секциясында болдым. Мұнда азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, әскердегі әлімжеттік, бала тәрбиесі, заң үстемдігі, сайлау, халықтың құқықтық сауаты, тіл,  дін, үй мәселесі көтерілді. Тіпті, жылқы малының мәртебесіне дейін қозғалды. Сондықтан ол жерде мәселе географиясы өте ауқымды. Азаматтардың қозғаған тақырыбы ауқымды. Әр Құрылтай мүшесі кемінде екі ұсыныс айтты. Мен жасанды интеллектке байланысты пікір білдірдім. Қазір технология дамып жатыр ғой. Жасанды интеллект, интеллектуалдық технологиялық көштен қалып қоймас үшін осы бағытта атқарылу тиіс жұмыстар туралы ұсыныстарымды алға тарттым. Айтишниктерді жұмылдырып, өзіміздің силикон алқабымызды ашып, осы бағытта балаларға тапсырма берсек деген ұсыныс білдірдім.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар