Ұлттық госпиталь Сара Алпысқызының жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz сауалына жауабында Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі Сара Назарбаеваға қатысты пікір білдірген.
"Науқастың өлімі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Науқас Ұлттық госпитальде емделіп жатыр", - деп жазылған Ұлттық госпитальдің Tengrinews.kz-ке берген жауабында.
Мекеме "Денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 273-бабына сәйкес диагнозға, денсаулыққа қатысты мәліметтер дәрігерлік құпия екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, кеше Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай БАҚ-та тарап жатқан ақпаратқа пікір білдіріп, Сара Назарбаева аман екенін мәлімдеді.
Сара Назарбаева туралы не белгілі?
Сара Алпысқызы Назарбаева (қазіргі тегі – Қонақаева) - Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы, қоғам қайраткері. Ол 1941 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Жоғары білім алып, инженер-металлург мамандығы бойынша еңбек еткен.
1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен отау құрған. Ерлі-зайыптының үш қызы бар: Дариға, Динара және Әлия.
Сара Алпысқызы біраз уақыттан бері қоғамдық өмірге сирек араласып, саяси сахнадан тыс қалды. Ол көпшілік алдында жиі көрінбей кетті.
1992 жылы ол "Бөбек" халықаралық балалар қайырымдылық қорын құрды. Бұл қордың мақсаты – жетім, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік тұрғыда осал топтағы балаларға жан-жақты көмек көрсету. Сонымен қатар, оның бастамасымен еліміздегі мектептерде "Өзін-өзі тану" пәні енгізілді. Кейін бұл пән оқу бағдарламасынан алып тасталды. Сара Алпысқызының бастамасымен Қазақстанда "SOS – балалар ауылдары" халықаралық жобасы іске асты.
Кейінгі жылдары ол бұрынғы тегін өзгертіп, қыз кезіндегі тегі Қонақаеваны қайта алғаны белгілі болды.
Оған қоса біраз жылдан бері Сараның өзіне қарағанда қыздары жиі жұрт назарында. Тіпті былтыр да Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.