Ұлттық банк төрағасының экс-орынбасары басқарушы компанияның ірі акционері болуы мүмкін

Кәмшат Тілеухан 24 қаз. 2024 12:19 1507

Ұлттық банктің бұрынғы орынбасары Есжан Біртанов пен Ержан Ағыбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен "Tansar Capital" акционерлік қоғамының ірі (жанама) қатысушылары мәртебесін алуға рұқсат алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл рұқсат 2024 жылғы 21 қазанда берілгені нақтыланады. 

"Tansar Capital" АҚ инвестициялық компаниясы 1995 жылдың шілдесінде құрылды, ол бұрын "Caifc Investment GROUP"АҚ деп аталған. Компанияның ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығынсыз инвестициялық портфельді басқару жөніндегі брокерлік және дилерлік қызметтерді жүзеге асыруға құқық беретін лицензиясы бар. Сондай-ақ, олар ақша айырбасы операцияларын жүргізуге арналған лицензияға да ие. Компания KASE және АХҚО тізіміне енген. 

KASE деректері бойынша, 2024 жылғы 1 қазанда компанияның меншікті капиталы 4,2 млрд теңгеден, активтері 4,4 млрд теңгеден асады, қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы таза табысы 866,3 млн теңгені құрайды. 

Компания сайтының мәліметінше, Есжан Біртанов Tansar Capital директорлар кеңесін басқарады, ал Ержан Ағыбаев директорлар кеңесінің мүшесі, компания басқармасының төрағасы болып табылады.

2023 жылғы аудит есебі деректеріне сүйенсек,  компания "Tansar Group" АҚ-тың еншілес құрылымы болып табылады.

Есжан Біртановтың бағалы қағаздар нарығында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол ұлттық қорды құруға да ат салысқан. Сондай-ақ кезінде Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясына, Қазақстан қор биржасына, Ұлттық инвестициялық корпорацияға басшылық еткен. Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасының орынбасары, Standard Life ӨСК, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (қазіргі Отбасы банкі), Қазақстан даму банкі директорлар кеңестерінің мүшесі болған.

Ержан Ағыбаевтың қаржы саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар, ҚР Ұлттық банкінде, екінші деңгейдегі банктерде, басқарушы компанияларда, оның ішінде басшылық қызметтерде әртүрлі лауазымы атқарған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар