Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша алғашқы шешімін жариялайды: не өзгеруі мүмкін?

Көркем Алдабергенова 23 қаң. 2026 11:10

Бүгін Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдағы базалық мөлшерлемеге қатысты алғашқы шешімін жария етеді. Қаржы нарығы мен халық арасында «проценттік саясат биыл қай бағытқа бет алады?» деген сауал күн тәртібінде тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өткен жылдағы жағдай

«Қаржылы сауат» сарапшыларының мәліметінше, 2025 жылдың соңында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалу туралы шешім қабылдаған.

Мұндай қадамға инфляцияның жоғары болуы негізгі себеп болды. Бағаның өсу қарқыны баяулағанымен, тұрақты төмендеу байқалмады.

Коммуналдық тарифтерге уақытша әкімшілік шектеулер енгізілген кезеңде инфляция сәл бәсеңдегенімен, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен тауарлар қымбаттауын тоқтатпаған.

Инфляциялық қысым неге сақталды?

Сарапшылар бірнеше негізгі факторды атап өтеді:

Инфляциялық күтулердің жоғары болуы. Халық арасында «баға бәрібір өседі» деген түсінік қалыптасты. Бұл өз кезегінде инфляцияны күшейтетін психологиялық фактор саналады.

Ішкі сұраныстың артуы. Ел ішінде ақша айналымы жоғары деңгейде қалды.

Отандық өндірістің жеткіліксіздігі. Ішкі нарықтағы сұраныс толықтай жабылмай, импортқа тәуелділік сақталды.

Сыртқы экономикалық ахуал. Әлемдегі геосаяси шиеленіс, сауда қақтығыстары мен азық-түлік бағасының жаһандық қымбаттауы да Қазақстандағы инфляцияға қысым түсірді.

Ұлттық банктің ұстанымы қандай болды?

Ұлттық банк басшылығы 2025 жылғы қараша айындағы мәлімдемесінде осы факторларға тоқталып, 2026 жылдың бірінші жартысына дейін базалық мөлшерлемені төмендетуге негіз көріп отырмағанын айтқан еді.

Сондай-ақ инфляция баяуламайтын жағдайда проценттік саясатты одан әрі қатаңдату мүмкін екенін де жоққа шығармаған.

Бүгін не белгілі болады?

Бүгін Ұлттық банк инфляцияға қатысты жаңартылған деректерді ұсынып, сол негізде базалық мөлшерлеме бойынша шешімін жариялауы тиіс.

Қаржы нарығы мына сұрақтардың жауабын күтуде:

инфляция қарқыны баяулады ма?

Ұлттық банк былтырғы қатаң ұстанымын өзгерте ме?

әлде 18 пайыздық мөлшерлеме сақтала ма?

Бұл сауалдардың жауабы бүгін белгілі болады.

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша жылына 8 рет шешім қабылдайды. Бүгінгі шешім — 2026 жылғы алғашқы пайыздық саясат мәлімдемесі болмақ.

Материал «Қаржылы сауат» сараптамалық арнасының деректеріне сүйене отырып дайындалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove