Ұлт бірлігі – ұлы ұстаным

Dalanews 23 ақп. 2015 08:39 843

Алматы университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Бірлігіміз жарасқан, ортақ үйіміз-Қазақстан» іс-шарасы өтті.

Мерекелік іс-шараның ашылу салтанатында университет ректоры Бауыржан Құлжабаев:  Қауымды ең алдымен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен құттықтаймын. Қос мереке біз үшін үлкен тарих. Бүгін міне, барлық қиындықты артқа тастап Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын және Қазақстан халқы Ассамблеясының айтулы датасын тойлағалы жатырмыз. Береке мен бірлігі жарасқан қазақ елі мәңгі жасасын. Ұлт татулығын насихаттайтын фестиваліміз құтты болсын», – деді.

DSC_0136Фестивальда Алматы университетінің студенттері елімізде өмір сүріп жатқан этностардың киім үлгісі, ас-дәмдерінің түрлері, сонымен қатар әр ұлтқа тән бір өнерден көрсетті. Жүзден астам ұлт өкілдерін қазақтың қара шаңырағының астына біріктірген сахналық көрініс қойылды.

Мерекелік кешке тіл жанашыры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман мен күрд халқы Ассамблясының өкілі Мирзоев Князь Ибрагимович қонақ болып келді. Асылы Осман ел бірлігіне бастау болған Елбасымыздың ұлт саясатының дұрыстығын, «бір ел-бір тағдыр» идеясын әрқашан да қолдайтынын, бүгінгі күннің басты жетістігі ел тыныштығы екендігін ерекше айтып өтті. Ал, Мирзоев Князь Ибрагимович:
– Бүгінгі фестивальға шақырғандарыңызға мың алғыс. Фестивальді тамашалау барысында Алматы университетінің студенттерінің белсенділігіне дән риза болдым. Әсіресе, студент жастардың елдікке, бірлікке шақыратын үндеуі жанымды тебірентіп жіберді. Сіздерге дәріс беріп жүрген оқытушыларыңызға көп рахмет. Осындай белсенді жастарды көре отырып, еліміздің болашағына алаңдамауға әбден болады, – деп өз тебіренісін білдірді.

Студент жастарға фестивальдің тәлім-тәрбиелік жағынан берері мол болды.  Ең бастысы, өзге ұлттардың қазақ даласында өмір сүріп, ел тыныштығын ұйытып отырған қазақ халқына деген ыстық ықыласын сезінуге септігін тигізді. Аталған шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Алматы университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманғалиева Сымбат Тлегенқызына ұжым атынан алғыс айтылды.

 Алмас Найманбай,  


Алматы университетінің ғалым хатшысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар