Ұлытау облысында ауыл әкімі уақытылы жауап бермегені үшін айыппұл арқалады

Қаракөз Амантай 27 ақп. 2025 13:02 267

Ұлытау облысында ауылдық округ әкімі заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынысқа уақытылы жауап бермегені үшін жауапкершілікке тартылды. Сот оған 27,5 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Жаңаарқа аудандық соты ауылдық округ әкімі, азамат С.-ға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 479-бабы (заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынысқа уақытылы жауап бермеу) бойынша әкімшілік істі қарады. (...) Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, азамат С.-ны кінәлі деп танып, оған 27 524 теңге көлемінде айыппұл салды", – делінген хабарламада.

Әкімнің белгіленген мерзімде тергеушінің заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынысына жауап бермеуі бұл істің қаралуына негіз болған.

Бұған дейін, 2023 жылғы 6 қарашада, аудан аумағында спорт кешенінің құрылысына арналған құрылыс материалдарын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Осыған байланысты 2024 жылғы 12 қарашада тергеуші Жаңаарқа ауданы әкіміне тиісті құжат жолдаған. Ол 14 қарашада ауыл әкіміне тапсырылғанымен, әкім бір ай ішінде жауап бермеген.

Сот отырысында әкім өз кінәсін толық мойындап, белгіленген мерзімде жауап бере алмағанын электрмен жабдықтаудағы мәселелермен түсіндірді. Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот оған әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар