"Ұлымның тілін кеспек болды". Павлодарлық 7 жасар балаға қатысты жаңа дерек шықты

Сағыныш Сардарова 11 жел. 2025 09:20

Бұған дейін әлеуметтік желіде "Павлодар облысында 10 жастағы екі бала 7 жасар оқушының тілін кеспек болғаны" туралы ақпарат тарады. Өңір полициясы жаңа дерек айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қылмыстық іс шеңберінде полиция қызметкерлері кешенді шаралар жүргізген. Көршілерді сұрастыру, оқиға орнын қарау және бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талдау нәтижесінде кәмелетке толмаған бала соққыға жығылғаны туралы дерек расталмаған.

"Жасөспірім аулада әткеншекте ойнап жүріп, қызығушылықпен ерні мен тілін металл бөлікке өзі тигізген. Қан көрген соң қорқып, әкесінің назарын аударту мақсатында оқиғаны ойдан шығарған. Баламен анасының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Заңды өкіліне мектеп психологының консультациясына жүгіну ұсынылды. Сонымен қатар, баланың сауығуынан кейін оның және заңды өкілінің әрекеттері Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады", - деп жазылған хабарламада.

Полиция азаматтарды тек ресми және расталған ақпаратқа сенуге шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар