Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қызының өлімінен кейін болған бірқатар түсініксіз жағдайды баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, ақпан айында құдағиы хабарласып, Ұлдананың туу туралы куәлігіне қатысты құжатты сұраған. Сонымен қатар қызының банк алдында төленбеген несиесі бар екенін айтып, мұрадан немесе белгілі бір құқықтан бас тарту туралы құжат рәсімдеу мәселесін көтерген.
"Маған құдағиым хабарласып, банктегі несиені төлеу керек екенін айтты. Одан кейін "отказной" жазып бересіз бе деп сұрады. Бұл сөзге қатты таңғалдым", – деді Ұлдананың анасы.
Осыдан кейін ол заңгермен бірге банкке барып, қызының атына рәсімделген қаржылық міндеттемелерді тексерген.
Тексеру барысында Ұлдана Мырзуанның атында ешқандай несие де, қарыз да болмағаны анықталған. Анасының сөзінше, қызының есепшоттары бұған дейін толық жабылған, ал банк қызметкері оның атына тіркелген берешек жоқ екенін растаған.
Марқұмның анасы дәл осы жайттан кейін кейбір әрекеттерге қатысты күдігі күшейгенін айтып, істің барлық мән-жайы толық анықталғанын қалайтынын жеткізген.