Украинаны қорғамақ болған қазақстандық жігіт Ресей абақтысынан бір-ақ шықты

Көркем Алдабергенова 23 нау. 2025 09:54 1687

20 наурызда Ресейде 19 жастағы қазақстандық Тұран Устюговтің соты басталмақ. Ол Ресей аннексиялап алған Қырымда былтыр күзде ұсталған. Ресейдің арнаулы қызметі ол Украинаға барып, Ресейге қарсы соғыспақшы болған деп есептейді. Түрмеге ұзақ мерзімге қамалу қаупі төнген ұлына араша іздеп, өзі де қаржыдан тарыққан анасы Мәскеу мен Астанаға хат жаудырып, абақтыға ас-ауқат жөнелтіп, адвокат жалдауға елден ақша жинап жүр, деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеп. 

Қазақстан азаматы Тұран Устюговтің үстінен қозғалған қылмыстық істі Ресейдің Ростов қаласындағы Оңтүстік округінің әскери соты қарап жатыр. Іс материалдары сотқа қаңтар айында түскен. 13 наурызға жоспарлаған алғашқы сот отырысы отырысы өтпей қалды – Тұранды ол күні сотқа әкелген жоқ. Сот тыңдауы 20 наурызға қалған.

19 жастағы алматылық жігітке Ресейде террористік деп танылған ұйымның қызметіне қатысқан және террорлық іс-әрекет жасау мақсатын көздеп дайындықтан өткен деген айып тағылып отыр. Ондай айыптар жазылған Ресей заңындағы баптарда 20 жыл мерзімге дейін түрме жазасы қарастырылған. Тұранның абақтыда қамауда отырғанына жарты жылға таяды.

– "Мама, мені азаптап, өлтіргелі жатыр!" – Эльмира Жаңабаева ұлымен сөйлескен кезде оның не дегенін айтып отыр. Тұран ұшты-күйлі жоғалып кеткеннен кейін бір аптаға жетпей, 2024 жылғы 2 қазанда анасы ұлына телефон соққан. – Ол телефоннан: "Самайыма тапанша тіреп, қос аяғымнан жоғары көтеріп асып қойды, тоқ соқтырып қинады" деп айғайлады. Сосын бір күн тым-тырыс қалды, я тірі, я өлі екенін білмей отырдым.

Эльмира ұйқы-күлкіден айырылып, уайымға батты. Бірінен соң бірі келіп жатқан суыт хабар еңсесін баса берді: әуелі Тұранды 72 сағат ұстаған, кейін сот тергеу кезінде қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Тергеушілер Қазақстан азаматына Украина жағында соғысып жүрген, негізінен ресейліктерден құралған қарулы жасақтарға – "Орыс еріктілері корпусы", "Ресей азаттығы" легионы немесе украиналық "Азов" бригадасына қосылмақшы болған деп күдік келтірді. Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі Тұранның телефонынан жалдамалы әскер қатарына қосылушыға жіберілген анкеталар табылғанын айтқан (құқық қорғаушылар ол анкеталар жігіттің телефонында ресейлік арнаулы қызметтер арандату мақсатымен ашқан жалған сайттар арқылы түсіп, сақталған болуы мүмкін деп топшылайды).

– Оны тергеу абақтысына ауыстырғаннан кейін, "сен немене, бізге қарсы соғыспақшы болдың ба?" деп өлімші етіп ұрып-соққан, – деді Эльмира. – Біз адвокат тауып, оған көмекке жібердік. Тұранның қатты шошып қалғаны сонша, сөйлей алмаған.

Эльмира Жаңабаева ұлын Украинаға кету райынан қайтаруға бар күшін салғанын айтады. Оның сөзінше, Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық жасауға кіріскеннен кейін Тұран жаңалықтарды қалт жібермей, майдандағы жағдайды жіті бақылап жүрген.

– Біз қарсылық танытып жатқан украиндарға жәрдемдесуіміз керек дейтін, оған сенің елің емес қой, барудың қажеті жоқ деп айтатынмын. Майданға бармақшы болған оны райынан қайтару мүмкін болмады, – деді жігіттің анасы.

2023 жылдың қазанында Тұран кәмелетке толған соң, "ұлым соғысқа кетіп қала ма" деп алаңдаған Эльмираның уайымы күшейген. Ол риэлторлық компаниядағы жұмысын тастап, баласының қасында болуды ұйғарған. Тұранды психологтар мен психотерапевтерге қаратқан. Маман дәрігерлер жас жігіттің ой-өрісі дамыған, зейінді екенін, бірақ психологиялық жағынан осалдығы барын айтқан.

Эльмира Алматыға Ресейдегі мобилизация мен соғыстан қашып келген ресейліктерді іздегенін, оларды үйге шақырып, ұлымен сөйлестіргенін айтып берді. Олар Тұранға майдан шебіне жеткен соң төбеден түскен зымыран немесе дрон шабуылынан санаулы уақытта қаза табуы мүмкін екенін түсіндіріп, қандай қауіп-қатер барын ескерткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар