Кейінгі үш жылда 1,2 миллионнан аса адамның жалақысы өсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
2022-2025 жылдар аралығында бюджет саласы қызметкерлері мен экономиканың бірқатар секторындағы мамандардың еңбекақысын арттыруға бағытталған шаралар қабылданған. Соның нәтижесінде жалақы өсімі 1,2 миллионнан аса адамды қамтыды. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.
Оның айтуынша, әлеуметтік саладағы 38 мың қызметкердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға өскен. Сонымен қатар, 600 мың педагогтің еңбекақысы 25 пайызға, медицина саласындағы 6 мың қызметкердің жалақысы 20 пайызға артқан.
Сондай-ақ, азаматтық қызметшілердің кейбір санаттарына жататын 600 мыңға жуық адамның еңбекақысы орта есеппен 20 пайызға көбейген. Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" қоры құрамындағы өндірістік қызметкерлердің жалақысындағы айырмашылықты азайту бойынша жұмыстар жүргізілген.