"Уақыты келді...". Кремль Қазақстанды ортақ білім кеңістігін құруға үгіттеп жатыр

Dalanews 27 қыр. 2020 11:04 879

Атауы түсініксіздеу Еуразия одағының Парламентаралық ассамблеясы жанындағы университет ректоры Ирлан Искаков одақ елдеріне ортақ білім кеңістігін құру тиімді деген пікір білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz.




"Гуманитарлық салада берік байланыс орнатпайынша, экономикалық интеграциядан қайыр болмайды. Алдымен білім-ғылым саласында одақтасып алуға тиіспіз. Сонда ғана экономикалық кеңістікті әрі қарай дамыту туралы ойлануға болады. Еуразия одағы әріптестіктің жаңа сатысына өтуі керек", – дейді Искаков.



Искаков бұл жоспар одақтастар қабылдаған Стратегия-2025 бағдарламасы аясында нақты жүзеге асарына сенімді.

"Білім саласында ортақ ақпараттық жүйе не болмаса ақпараттық портал құрылуы мүмкін. Әсіресе жоғары білім беруде тонның ішкі бауындай қиюлассақ қатып кетер еді. Университтер одақ мүддесіне жұмыс істеп, одақ ғұмырын ұзартар кадрлер әзірлесе ұтылмаймыз ", – дейді ректор.

Искаков "еуразияшыл" кадрлар дайындауға күні бұрын көшіп алған екен. 


"Біздің универде "Интеграциялық құқық", "Еуразиялық одақ құқығы", "Еуразиялық одақтың кеден саласындағы құқығы" секілді пәндер бар. Жуыр арада жаңа заман орнайды. Одақ жұмысының ой-шұңқырын жақсы білетін мамандарға мұхтаж боламыз. Жастарға еуразиялық одақтың құндылықтарын дәріптейтін білім бағдарламасы қажет-ақ", – дейді ол.

Бұдан бұрын Dalanews.kz "Өскеменді орыс қаласы" деген сарапшының сұхбатын оқырман назарына ұсынған.

Саясаттанушы Антон Бредихиннің айтуынша қазақ деген ұлт жоқ.

"Қазақтың қазақ болғаны Кеңес үкіметінің тұсында ғана. Оған дейін бұларды киргиз-кайсак немесе жәй әншейін киргиз деп атап келді.

Бұларда ортақ иденттілік, этникалық тұтастық атымен жоқ. Бүтін бір ұлтқа бағдар боларлық біртұтас діни қауымдастық қалыптаспаған. Салақұлаш жатқан ала-құла қоғам", – деген еді ол.

Бұған қарсы Ақпарат министрлігі тарапынан қандай шара қолданылғаны белгісіз.

Сайт тілшісі пропагандамен айналысып отырған бірқатар ресейлік ақпарат құралдарын блоктау туралы мәселе көтерген болатын. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар