Уәлихан Төреханов: "Орта Азияда үлкен потенциал бар"

Dalanews 29 мау. 2019 03:55 178

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі Орталық Азия өңірінің маңызын күшейту және осы аймақтағы елдермен ынтымақтастық байланысты жан-жақты дамыту Қазақстан Республикасы сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.

Бұл пайымға аймақ халықтарының тарихи, географиялық, мәдени, лингвистикалық және діни тұрғыда етене байланыста болуы негіз болады. Сондықтан Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақты дамуы үшін қазір тауарлардың, қызметтердің, капитал мен еңбек күшінің емін-еркін қозғалысын, халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету үшін, ел қауіпсіздігі мен сыртқы қауіптермен тиімді күресу үшін құқықтық, экономикалық және ұйымдасушылық жағдайларды жасауға басымдық берілуде.

Біздің мемлекетіміздің одан әрі дамуындағы Орталық Азияның ерекше маңыздылығы «Қазақстан-2050» Стратегиялық құжатында да бекітіліп, нықтап көрсетілген. Ол Қазақстан Республикасының сыртқы саяси тұжырымдамасы мен басқа да стратегиялық құжаттарда анық көрініс табады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан көршілес елдермен, әсіресе, тарихы, мәдениеті, дүниетанымы мен көзқарасы бір Орталық Азия елдерімен үнемі тығыз қарым-қатынаста болуға тырысады» деп атап өткен болатын.


Астана аймақтың экономикалық әлеуетін тек ұжымдық форматта ғана рациональды және тиімді пайдалануға болатын ортақ ресурс ретінде қарастырады.

Бүгіндері осы аймақтағы мемлекеттердің өңірде қордаланған мәселелерді шешуге ат салысуға деген ұмтылысы күннен күнге артып келе жатқанын байқауға болады. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері қауіпсіздіктен бастап экономикаға дейінгі кең ауқымды мәселелер бойынша өңірлік ынтымақтастықты дамыту қажеттілігін бірдей түсініп-түйсініп отыр.

Соңғы екі жылда үкіметаралық және аймақаралық байланыстар белсенді жүргізіліп, өзара іс-қимыл сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Сөйтіп  аймақ басшыларының саяси ерік-жігері маңызды рөл атқарған бесжақты қарым-қатынаста үлкен  нәтижеге қол жеткізілді.

Орталық Азия бағытындағы ортақ маңызды жетістік ретінде 2018 жылы 15 наурызда Астана қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жұмыс кеңесін атауға болады. Бұл - көп жылдан бергі осындай форматтағы алғашқы кездесу. Онда өңір көшбасшылары бесжақты ынтымақтастықтың негізгі алғышарттарын айқындап, келешекке арналған жоспарларды белгілеген болатын.

Форумның қорытындысы бойынша жоғары деңгейдегі осындай кездесуді жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында өткізу туралы уағдаластық жасалды. Қазіргі уақытта тараптар Ташкентте (Өзбекстанда) өтетін кезекті саммиттің ұйымдастыру мәселелерін талқылап жатыр.

 
Онда аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікпен, діни экстремизммен және заңсыз есірткі айналымымен күресу  бойынша жұмысты үйлестіру шешімдері де қабылданды.

Тараптар өңіраралық және трансшекаралық байланыстарды дамыту арқылы инвестициялық өзара байланыстың жағдайын жақсарту үшін, экономиканы жаңа инновациялық-цифрлық платформаға көшіру, тарифтік саясатты оңтайландыру және транзиттік тасымалдардың әкімшілік процедураларын жеңілдету арқылы  сауда-саттық, экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге дайын екендіктерін ашық байқатып отыр.

Дегенмен бұл арада мұндай кеңесуші тетіктің сыртқы ойыншылардан өңірді ажыратуға немесе оларға қарама-қарсы қоюға бағытталмайтынын баса айта кету керек. Бұл өте маңызды нәрсе. Керісінше, Орталық Азия елдері барлық серіктестермен, соның ішінде Ресеймен де, Қытаймен де, АҚШ-пен де, Еуропалық Одақ және басқа елдермен де ынтымақтастық байланысын одан әрмен дамытуға мүдделі.

Шын мәнісінде, наурыз айындағы кездесуде мемлекет басшылары «аймақтың барлық елдерінің тығыз ынтымақтастығы мен өзара байланысы осы өңірдің саяси және экономикалық тұрғыда бақ-қуаттылығын қамтамасыз ете алады» деген тезисті толықтай қолдады.

Осылайша, Орталық Азия елдері аймақтағы тату-тәтті көрші қарым-қатынасының берік жүйесін құруға мүмкіндік алды. Біздің бесжақты жемісті қарым-қатынасымыз барлық бағыттарда белсенділік танытып, үлкен қолдауға ие болды.


Мәселен, Орталық Азия сыртқы істер министрлерінің бесжақты кездесулері тұрақты түрде өткізілетін болып шешілді. 2017 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясында және 2018 жылы Шолпан Атадағы (Қырғызстанда) кездесуде өңір елдерінің министрлері Бірлескен мәлімдеме-хаттаманы қабылдады. 2017 жылдың қараша айында Самарқанд қаласында (Өзбекстан) өткен кездесуде Қазақстан Республикасы бастамасымен 2018-2019 жылдарғы аймақ елдерінің сыртқы істер министрліктері арасындағы Ынтымақтастық бағдарламасының қабылдануы маңызды қадамдардың бірі болды.

Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік Кеңестері аппаратының арасындағы екі жақты деңгейдегі консультацияларды тұрақты түрде жүргізу жағы да бір жолға қойылып келеді. Аймақтық қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы іс-қимыл бағытындағы байланыстары да  жанданып, ерекше көзге түсуде.  Біздің елдердің бұл бағыттағы амал-тәсілдері бір-біріне ұқсас, бір-біріне жақын.

Заңсыз көші-қонмен, есірткі контрабандасымен, ұйымдасқан қылмыспен және басқа да қауіп-қатерлермен күресуде арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары деңгейіндегі ынтымақтастық та нығайып келеді. 2017 жылдың 5-7 қазан аралығында Шолпан Атада (Қырғызстан) Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ішкі істер министрлерінің алғашқы кездесуі сәтті өтті. Онда тараптар трансөңірлік қылмысқа қарсы күресте ішкі істер министрліктерінің күш-жігерін үйлестіруге шақыратын тұрақты өңірлік консультативтік орган – ОАӨ ішкі істер министрлері кеңесін құру мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін өзара күш жұмылдыру жағы да үйлестіріліп жатыр.  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланғаннан кейін Астана Орталық Азиядағы барлық бес мемлекеттің мүдделерін алға тарту үшін осы ықпалды халықаралық ұйымның мүмкіндіктерін барынша қолдануға тырысты.

2018 жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы тізгінін алған Қазақстан Ауғанстандағы ахуал мен Орталық Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен дамуды нығайту жөніндегі шараларды талқылауға, тұщымды дискуссия құруға негіз бола білді.

Орталық Азия мемлекеттерімен шекараны халықаралық-құқықтық деңгейде тіркеу мәселесі бойынша да елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Бүгіндері өңірдегі сыртқы шекараларымыз тату-тәтті  көршілік қарым-қатынас пен ынтымақтастығымыздың көкжиегі іспетті.

2017 жылы Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекараны делимитациялау аяқталды. Самарқандта 2017 жылдың қарашасында Қазақстанның, Түркіменстанның және Өзбекстанның мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімге қол қою арқылы Қазақстандағы құрғақ мекендегі шекараларының бүкіл периметрі бойынша делимитациялау процесін толық аяқтауға қол жеткізілді.

2017 жылғы желтоқсанда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің Астанаға ресми сапары кезінде тарихи маңыздағы құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, олар - Мемлекеттік шекараларды демаркациялау туралы шарт пен Мемлекеттік шекаралар режимі туралы келісім.

Орталық Азия елдерімен өзара экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып, ол өңірлік ынтымақтастықтың «локомотивіне» айналуда.  Өткен жылдың 10 айында Қазақстанның осы аймақ елдерімен өзара сауда-саттық көлемі 30% -ға артып, 3,4 млрд долларды құрады. Біздің бағалауымыз бойынша, тауар айналым көлемінің одан ары өсуіне әлі де үлкен потенциал бар. Соның ішінде жеке секторды, шағын және орта бизнесті нығайту арқылы әлі де үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік барын ерекше атауға болады.

Аймақаралық және трансшекаралық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздің облыстық әкімшіліктері арасында да өзара байланыс орнап, бір-біріне жұмыс сапарларымен болуы да жиілеп келеді. Жыл сайын ауқымды іскерлік форумдар өткізіліп, сауда үйлері мен бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Біздің елдеріміздің кәсіпорындары арасында тиімді өнеркәсіптік байланыстары оң бағаға ие болуда.

Іскерлік қауымдастықтар тікелей қарым-қатынас орнату үшін осы өңірдегі елдерде іскерлік кеңестер құрылған. Оның алғашқы отырысы өткен жылы өткізіліп, жұмысы жемісті болды.

Біздің елдеріміз арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуеті де ауыз толтырып айтарлықтай. Соңғы 13 жылда Қазақстаннан Орталық Азия елдеріне тартылған тікелей инвестициялар  1,1 миллиард доллардан асатын көлемді құрады. Бұл бағытта аймақ мемлекеттерінің үкіметтері арасында  перспективалық жобаларды зерттеу және іздену бойынша жұмыстар үнемі жүргізіліп отырады. Біздің бағалауымыз бойынша, тау-кен өнеркәсібінде, су және ауылшаруашылығы, машина жасау, энергетика, тамақ өнеркәсібі, көлік және байланыс саласындағы бірлескен инвестициялық байланыс құру үшін үлкен мүмкіндіктер бар.

Өңір елдері арасындағы көлік қатынасы да дамып келеді, жаңа әуе рейстері мен қатты жылдамдықтағы пойыздар да іске қосылуда.  Транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі болып қала беруде. Болашақта Орталық Азия субконтиненттерді қосып қана қоймай, сондай-ақ Еуразиялық кеңістіктегі ең маңызды сауда-саттық желісінің біріне айнала алады.

Мәдени-гуманитарлық саладағы өзара байланыс деңгейі де едәуір ұлғайып келеді. Бұл бағыттағы ынтымақтастық Орталық Азияда біздің халықтарымыз арасындағы өзара ынтымақтастық ахуалын қалыптастырудағы табиғи құбылыс болып табылады.

2018 жылы наурызда Астанада Қазақстандағы Өзбекстан жылы бастау алды. Осылайша біздің елдеріміз арасында мұндай ауқымды іс-шара алғаш рет жүзеге асырылды.  Ал биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы өткізіліп жатыр.

2018 жылдың қыркүйегінде Шолпон Атада ІІІ Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өткізілді. Оған Орталық Азияның барлық елдері қатысты. Оның аясында ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың мерейтойына арналған маңызды іс-шаралар да өткізілді.

Аймақ елдері мәдениет, спорт, туризм және денсаулық сақтау салаларындағы делегацияларымен өзара байланысып, тұрақты түрде түрлі іс-шаралар өткізіп жатады.

* * *

Жалпылай алғанда, біздің өңір - маңызды стратегиялық ұстанымға ие, адами және жоғары экономикалық әлеуеті, табиғи және өндірістік ресурстары бар әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойған міндеттері тұрғысынан алсақ,  біздің еліміздің сыртқы саясатындағы Орталық Азияның маңыздылығы алда арта беретіндігіне сенімдіміз.

Бүгінгі таңда халықаралық аренада аймақтың дербес автономды субъект ретінде құрылуына негіздер қалыптасуда деп нақ айта аламыз. Орталық Азия елдері тату-тәтті көрші, өзара сыйластық пен өзара тиімді мүдделерге негізделген қағидаттары бойынша барлық салаларда конструктивті ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті барын баршаға байқатып қалуда.

Бұл елдердің арасындағы қарым-қатынас саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салаларда да тұщымды мазмұнға ие терең стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті.

Орталық Азиядағы қазіргі қауіп-қатерлерге қарсы тағы осы арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен күш-жігерді үйлестіру және аймақтағы, сол секілді сыртқы серіктестермен де диалогты қолдау тұрғысында жауап табуға  болады.

Осыған байланысты Қазақстан аймақтағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін нақты шаралар қабылдап, осы бағытта қолға алған жұмыстарды ары қарай жалғастыра беретін болады.

 

Автор туралы: Уәлихан Төреханов – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ТМД департаментінің директоры. Дипломатиялық қызмет жолын 1994 жылдың қаңтар айынан бастаған. ҚР Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында, Ресей мен Өзбекстандағы Қазақстан елшіліктерінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.  ІІ дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елші атағы бар.

Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИЕВ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x