"У емес, су!". Қорғаныс министрлігі "тікұшақтар вирус шашып жүр" дегендерге жауап қатты

Dalanews 03 шіл. 2020 11:12 823

Қорғаныс министрлігі  "тікұшақтар ауаға вирус тарататын белгісіз зат шашып жүр" деген қауесетті жоққа шығарды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде сөй деп жазып, елді әбігерге салған әйелдің аты-жөні анықталып, жауапқа тартылды. Түркістан облысы Отырар ауданының тұрғыны "жұрт шырт ұйқыда жатқанда тікұшақтар ауаға улы зат шашады. Бұл - вирус негізінен балаларға жұғады, екі-үш күні бойы сыртқа шықпай, үйде отырыңыздар" деп әлеуметтік желі мен WhatsApp мессенджері арқылы фейкақпар таратқан.

Әлгі әңгіме аздаған уақыттың ішінде ауыздан-ауызға тарап, жұрттың үрейін ұшырған еді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше елді дүрліктірген атышулы видео Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласында түсірілген. Видеода тікұшақтардың аспаннан белгісіз сұйық затты шашып жүргенін аңғаруға болады. Әлгіні көрген кейбір азаматтар "ауаға адам улайтын вирус таратып жатыр" деп байбалам салған.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, әуедегі түкұшақтар Қорғаныс министрлігіне тиесілі екен. Ведомство өкілдері оқу-жаттығу жиындарын өткізгенін айтады. Министрлік дезинфекция жұмыстарын жүргізбейді. Ал, тікұшақ шашқан сұйық зат – өрт сөндіруге арналған қарапайым су екен.

«Апта сайын оқу-жаттығу шаралары жүргізіліп, тікұшақтарды әуеге көтереміз. Оның аясында дала өртін, орман өртін сөндіру үшін су шашу аппараты қолданылады. Жаттығу шарасы ұшқыштардың кәсібилігін шыңдауға, өрт кезінде қажетті биіктікті сақтай алуына арналған», - деді министрліктің баспасөз қызметі.

Ал фейк ақпар таратып, бәсе бәлеге қалған әйелге қатысты Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеме жасады.

«Дәлел-дәйексіз, ел ішін дүрліктіретін ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша жауапқа тартылатынын да ескертеміз. Осы ақпаратты "WhatsАpp" желісіндегі топтарда таратқан Отырар ауданының 1973 жылы туған азаматшасы қазіргі таңда құзырлы органдармен анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген аталған хабарламада.

https://youtu.be/amRcUenUsHc

https://dalanews.kz/54225

https://youtu.be/9SAa2tmQEoY

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар