Туризмге салынған триллион: Kazakh Tourism басшысы соңғы ескерту алды

Сағыныш Сардарова 27 қаң. 2026 12:10

Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Tourism басқарма төрағасы Талғат Ғазизовтан нақты нәтижелер күтетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкіметтің бүгінгі отырысында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министрдің айтуынша, компания басшысы қызметке жуырда ғана тағайындалғанына қарамастан, Kazakh Tourism басшылығынан нақты нәтиже талап етіледі.

"Талғат Жанатұлы, қызметке енді кіріскеніңізге қарамастан, бізге нақты нәтижелер қажет. Оны сізден күтеміз. Нәтиже болса, жұмысты жалғастырамыз, ал нәтиже болмаса, қоштасамыз. Келістік пе?" - деп сұрады Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Kazakh Tourism басқарма төрағасы қойылған міндеттерді орындауға дайын екенін жеткізді.

"Келістік", - деп жауап берді Талғат Ғазизов.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы бүгінгі отырыста бірқатар түйткілді мәселеге тоқталды:

  • Көптеген нысанда интернет сапасы нашар. Жұмыстар әлі жоспарланып жатыр немесе қарқыны өте баяу.
  • Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде санитария-эпидемиология талаптарын бұзу дерегі жиі көтеріледі.
  • Көпшілікке танымал және шалғайда орналасқан туристік орындарға көлікпен жету мәселесіне, жол бойындағы сервиске қатысты сұрақтар бар.
  • Кей жерлерде энергия қуаты жетіспейді.
  • Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттерді, құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерін ұйымдастыру ісі барлық жерде бірдей шешімін таппай келеді.
  • Туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде баға сол күйі қымбат.
  • Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтары жоқ болуына байланысты туристерден түсіп жатқан шағым көп.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove