Мәжіліс депутаты Магеррам Магерраммов туристік саладағы кәсіпкерлерді қолдауға 400 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылғанын, алайда бұл мүмкіндіктен көпшілігінің бейхабар қалғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі есебі таныстырылды.
Отырыс барысында Магеррам Магерраммов туризм саласына арналған мемлекеттік қолдау тетіктері кәсіпкерлердің жеткілікті деңгейде хабардар болмауына байланысты іс жүзінде сұранысқа ие болмағанын мәлімдеді.
Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудиті нәтижесінде жоспарланған 402 млн теңгенің тек 85,8 млн теңгесі ғана игерілгені анықталған.
«Бизнестің жеткілікті деңгейде ақпараттандырылмауына байланысты қолдау шаралары сұраныссыз қалды», – деді депутат.
Сондай-ақ Магерраммов аудит қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыру үшін қандай нақты шаралар қабылдау қажет деген мәселе әлі де ашық күйінде қалып отырғанын атап өтті.
