Түркиядағы теракт туралы не белгілі?

Сағыныш Сардарова 24 қаз. 2024 09:08 117429

Түркияның астанасы Анкара қаласында түрік аэроғарыш компаниясы TUSAŞ зауытының орнында теракт болды. Бұл ақпаратты X желісіндегі парақшасында елдің ішкі істер министрі Али Ерликая растады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар екені белгілі болды.

"Қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтамын және жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Оқиға туралы алдағы уақытта хабар береміз. Мәлімдемені ресми дереккөздерден қадағалауға кеңес береміз", - деп жазды Али Ерликая.

Түркиялық БАҚ мәліметінше, куәгерлер алдымен кәсіпорын қақпасында жарылыс дауысын естіген, содан кейін атыс басталған. Кем дегенде екі адам қайтыс болды деген ақпарат бар.

Қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты.

"Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте Сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін", – деп жазылған жеделхатта.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар