Түркияда Күлтегін көрмесі ашылды

Dalanews 23 қар. 2023 15:06 903

Анадолы елінің Ескішаһир қаласында Түркі қағанаты дәуірінің қайраткері Күлтегіннің темір қаптамалармен жасалған ескерткіш мүсінінің ашылу шарасы өтті.

Оны Түркия мүсін өнерінің айтулы зерттеушісі, белгілі тележурналист қызметін атқарған мүсінші, шебер Шуле Намұкқызы Зейбек ханым қаладағы «Төбебашы» ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Ескерткіш мүсіннің ашылуында Түркияның мәдениеті мен өнеріне айрықша үлес қосқан мәдениет министрінің қызметін атқарған профессор Намұк Кемал Зейбек, Ыстанбұлдағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс құттықтау сөз сөйледі.
Түркі қағанаты дәуірлеріндегі экспонат бейнелері, тарихи кезеңдердегі дүниелер бүгінгі Түрік дүниесін барша әлемге паш етеді. Күлтегін (көне түркі тілі – 685-731жж) Шығыс Түрік қағанаты мемелекеттік қайраткері, Білге қағанның кеңесшісі, саяси және әскери қолбасшы, Білге қағанның тең билеушісі, Құтлық, Елтеріс қағанның екінші ұлы, Білге қағанның (Могилян) туған інісі. Екінші Шығыс Түрік қағанатының әскери бас қолбасшысы, «Көк Түріктің көк семсері» атанған батыр.

Әкесі Құтылығ (Елтеріс) қаған екінші Шығыс Түрік қағанатының іргесін қалап, шаңырағын көтерсе, артында қалған екі баласы: үлкені Білге қағаны ел бастап, кішісі Күлтегіні қол бастап, сол қағанаттың айбынын асырып, мерейін тасытты. Күлтегін рухына бүкіл Түркі жұрты тағызым етеді. Басына ел тарихын жазып, ескерткіш орнатты.

Сол ескерткіштің ғылыми көшірмесі бұл күнде Қазақстанда Астанадағы Евразия Ұлттық университетінің Бас ғимаратының төрінде тұр.

Шараны ұйымдастырған мәдениет танушы Шуле Намұкқызына Мәдениет қайраткері Ержан Уәйіс Қазақстаннан Түркістаннан арнайы алдырылған Қазақ камзолын кигізді. Өнер танушы Шуле ханым Түркі әлеміндегі мәдениет пен өнердің жоқтаушысы, жанашыры, профессор Намұк Кемал Зайбектің қызы.
Намұк Зейбек мемлекет қайраткері, мәдениет министрі, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауй Қазақ-Түрік халықаралық университеттің негізін қалаушылардың бірі.

Академик Мұрат Жұрыновпен тең төраға қызметін атқарды. Түркия мемлекетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырлып отарған көрме Анадолы елінің басқа аймақтарында өтетін болады. Жаз айында Ыстанбұл қаласында өткен көрменің куәсі болдық.

Шараның ашлуына Түркияның зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, JS Holding төраға орынбасары Әли Илмаз қатысты.
Әйгілі Күлтегін есімі мәңгі жасайды!

Ержан Уәйіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар