Түркиядағы сәтсіз әскери төңкерістен кейін басталған жаппай тазалаудың кесірінен билік демократия қағидасын ұстанудан қалған жағдайда, Анкара НАТО құрамынан шығарылуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мәлімдеді, деп хабарлайды Independent. Керридің айтуынша, АҚШ «Түркия сайлаған басшылықты жақтайды».
Дегенмен Құрама Штаттар Түркия үкіметін «елдегі демократиялық институттар мен заң үстемдігін құрметтеудің ең жоғарғы үлгісін ұстануға» шақырды.
«Біз төңкерісті ұйымдастырғандардың әділ жазаланғанын қолдаймыз, бірақ біз демократия ережелерін аттап өтіп, артық әрекетке барудан сақтандырамыз», - деді ол.
Түркияда төңкеріс жасауға талпынған бірқатар әскер қызметкері ұсталды. Олардың арасында Екінші әскер (Түркия Қарулы күштерінің Құрлық әскері бөлімі) қолбасшысы Адем Худути бар. Құқықорғаушылар Түркия Әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы Акин Өзтүріктің де ұсталғанын хабарлады. Төңкерісті осы екеуі бастады делінеді. Испарта оңтүстік провинциясында генерал Метин Аккай мен гарнизон қолбасшысы генерал Мұстафа Курутмаза қамауға алынған. Түркиядағы әскери бүлік 15 шілдеде басталды.
Бір топ әскер қызметкері азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау үшін ел басқаруды өз қолдарына алғандарын мәлімдеді. Түрік үкіметі таңға дейін елдегі жағдайды толықтай бақылауға алды.