Іске асырылатын жобалардың ішінде: спорт пен балалар ойын алаңдарын орнату, аумақтарды көгалдандыру, қоғамдық орындарды жөндеу және жарықтандыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған терең контейнерлік алаңдарды орнату. Бұл өзгерістер бүкіл Түрксіб ауданының аумағына оң әсер ететін болады.
Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, «Бюджетке қатысудың» 28 жобасы жұмыс үстінде, ал тоғыз жоба бойынша конкурстар өткізілуде.
– Біз аудандағы аулаларды абаттандыруды жалғастырамыз. 2016 жылдан 2020 жылға дейін барлығы 496 аула жөнделді. Қазіргі уақытта «Жас қанат» шағын ауданындағы 30 ауланы абаттандыру бойынша жұмыс жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі.
Бақытжан Ақжаров ауданда «Алтай-1» шағын ауданындағы жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылатынын айтты. Мұнда қала тұрғындары бос уақыттарын өткізе алады, спорттық ойындар ойнайды, бүкіл аумақ абаттандырылып, жарықтандырылады. Әкім қазіргі уақытта Сейфуллин алаңында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Әуежай мен Балалар шығармашылығы үйінің аумағындағы екі алаңды жаңарту жоспарлануда, қазірдің өзінде «Тіксай-Жарбұлақ» саябағы мен «Маяк» тоғайын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, ауданда көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, Түрксіб ауданының жасыл қорында 450 мың ағаш бар, бұл қаланың жасыл қорының 20%-ын құрайды.
– Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың миллион көшет отырғызу туралы тапсырмасын орындау аясында, Жасыл экономика басқармасымен бірлесіп, ауданда 40 мың көшет отырғызылды, жыл соңына дейін тағы 36 мыңын отырғызу жоспарлануда, – деді Бақытжан Ақжаров.
Аудандағы 10 мың шаршы метрге жуық гүлзарларды күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.