Түркістанға бір миллионнан астам турист келді

Dalanews 26 қаң. 2018 04:07 1456

Еліміздің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласына өткен жылы зиярат етіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалауға 1 090 755 азамат келген. 2016 жылы бұл көрсеткіш 1 015 088 болғанын ескерсек, зиярат етіп келушілердің саны 75 667-ге артқанын аңғаруға болады. Оның 18 мыңы шетелдік туристер. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Ғани Искаков мәлімдеді.

Оның айтуынша, қорық-музейінің тізіміне сәулеттік, археологиялық, діни-рухани және монументті түрлерге жататын 207 ескерткіш алынған. Оның 1-еуі халықаралық, 16-сы республикалық, 14-і жергілікті маңызы бар нысандардың санатына кіреді.

– Туристердің ерекше қызығушылығын оятатын тарихи нысандар, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаша ата, Гаухар ана кесенелері және Сауран қалашығы. Жылдан жылға тарихи-мәдениетімізбен танысу үшін арнайы келетін қонақтардың саны артып келеді. Сәйкесінше оларға көрсетілетін ақылы қызмет аясында түсетін қаржылай табыстың да көлемі ұлғаюда. Жалпы ақылы қызметтен түскен қаражат музейдің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, күзет, байланыс, электр энергиясы, инкассация, полиграфиялық шығындарын, транспорттық және қорық-музей қызметкерлерінің жалақысын төлеуге жұмсалады, – деді Ғани Искаков.

Қорық-музейіне келетін туристердің қатарын арттыра түсу үшін бірқатар шаралар жүзеге асуда. Атап айтқанда, тарихи-мәдени ескеткіштерге «штрих-кодтар» орнатылды. Осы «штрих-код» арқылы смартфонның көмегімен туристер тарихи нысан туралы қажетті мағлұматты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ала алатын болады.

Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі құрамына кіретін ескерткіштердің 3D-тур виртуальды жобасы да пайдаға жарап тұр. Яғни, әлемнің кез-келген жерінен интернет жүйесі арқылы қорық-музейінің жәдігерлері жайлы толықтай ақпарат алып, ішін аралап көруге мүмкіндік туды.

Ал, «Қожа Ахмет Ясауи қорық-музейінде жерленген хандар, сұлтандар, батырлар және билердің тізімі электронды форматта әзірленген. Бұған дейін аталған тізім жай ғана тақтайшаға жазылып келген. Қазіргі таңда қорық-музейдің жұмыс істеу кестесі, өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат келушілерге ғимараттың қасбетінде орналасқан «Led» экран арқылы ұсынылып отырады.

Айта кетейік, заманауи технологияларды пайдалана отырып, қонақтарға көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту жұмыстары Елбасымыздың «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында іске асырылуда.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар