Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай күні аясында өткен мәжіліске облыс басшылығы, облыстық ассамблея хатшылығының және «Қоғамдық келісім» КММ-ның қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, облыстық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері мен мүшелері, жоғары оқу орындарындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының оқытушылары мен жастар қатысты.
Жиында ассамблея мүшелері Жолдаудағы халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту, кәсіпкерлік үшін қолайлы орта қалыптастыру, білім мен денсаулық сақтау салаларын ілгерілету, құқық қорғау жүйесінде сапалық реформа жүргізу, отандық өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету сынды маңызды бағыттар аясындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолдарын сөз етті.
Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков бағдарламалық құжаттың маңызына тоқталып, Елбасы белгілеген мақсат-міндеттерді іске асыруда ассамблея мүшелерінің белсенділік танытатынына сенім білдірді.
– Жолдауда айтылғандай, «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі қажет». Бұл бағыттағы жұмыстарға өңірдегі ассамблея мүшелері жұмылдырылғаны дұрыс. Тұрмысымыздың түзеліп, өміріміздің өрісті болуы жолында мемлекеттіміз де, Елбасымыз да аянып қалып жатқан жоқ. Жасалып жатқан бағдарламалар, стратегиялық жоба-жоспардың барлығы еліміздің еңселі, халқымыздың қуатты болуын көздейді. Бірақ бұл жұмыстардың барлығы қоғам болып қолдауды, жұрт болып жұмылуды талап етеді, – деді Ұ.Сәдібеков.
Сонымен қатар, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Нигматжан Алметовтың, Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пактың, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының мүшесі Абылай Мұсабековтың хабарламасы тыңдалады.
Жиын соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, Жолдау аясындағы мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырудың жолдарын нақтылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі