Түркістандықтар Елбасы Жолдауын айрықша ықыласпен қабылдады

Dalanews 05 қаз. 2018 12:03 751

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жолдады. Мемлекет басшысының Жолдауын Түркістан облысының тұрғындары тікелей эфирден тамашалады.

Кентау трансформатор зауытында 200-ге жуық адам өндіріс орнында Жолдауды тікелей эфирден көрді. Жұмысшылар Президенттің жаңа Жолдауындағы көтерілген бастамаларды зор ықыласпен қабылдады. Әсіресе, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған игі іс-шараларға ризалықтарын білдірді.

Сондай-ақ, Түркістан облысының медицина саласының бірқатар өкілдері өз жұмыс орындарында Жолдауды көрсе, Түркістан қаласындағы педагогикалық колледжде де арнайы көрсетілім ұйымдастырылды. Бұл ұжымдарда да колледж мұғалімдері, студенттер, ақсақалдар және түрлі этнос өкілдері Елбасы Жолдауын тыңдады.

Сонымен қатар, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, жалпы, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында жұртшылық Жолдауды тамашалап, Елбасы бастамаларына қолдау білдірді.

Елбасының сындарлы саясатының арқасында еліміз өркендеп, жылдан жылға көркейіп келеді. Ертегідей көз ілеспес жылдамдықпен Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана қаласы бұл таңда Тәуелсіздігіміздің арқауына айналғандай.

Саусақ бірікпей ине ілікпейді деген бар. Бірігіп, бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Жолдаудың жүзеге асырылуына атсалысуымыз керек. Сонда ғана дамыған 50 елдің қатарына енеді. Жер бетінде қазақ деген ғажап халық барын әлемге таныту – әрбір қазақстандықтың міндеті деп білемін.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар