Түркістандық мергендер әлем чемпионатынан жүлделі оралды

Dalanews 13 мау. 2024 10:57 790

2024 жылдың 8-13 маусым аралығында Қытай Халық Республикасында жамбы атудан өткен (ат үстінде садақ ату) әлем чемпионаты аяқталды. Бұл чемпионатқа әлемнің 11 елінен, атап айтар болсақ Аустралия, Малайзия, Түркия, Қытай, Индонезия, Қатар, Қазақстан, Моңғолия, Тайпей, Макао, Пәкістан мемлекеттерінен 60-қа жуық спортшы қатысты. Қазақстанның намысын ұлттық құрамасының 4 мүшесі, соның ішінде Түркістан облысының спортшылары – Айтбек Сарыбай мен Батыр Бексауыт қорғады, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

4 күнге созылған дүбірлі дода “Мажар”, “Азия”, “Император”, “Саран” стилдері бойынша өтті. Жарыстың алғашқы күні спортшылар “Мажар” стилі бойынша сынға түсті. Бұл стильде Батыр Бексауыт үздік үштікке ілініп, қола жүлде бұйырды. “Император” стилі бойынша ұлттық құрама мүшесі Айтбек Сарыбай салқынқандылықпен жарыс алаңына шығып, күміс жүлде иеленді.

Соңғы жарыс күні “Саран” стилі бойынша өтті. Бұрындары бұл нысананы көздеп көрмеген мергендеріміз ерледі. Батыр Бексауыт басты қарсыласымыз саналған моңғол спортшыларының алдын 1 ұпайға орап, алтыннан алқа тақты. Осылайша, Түркістан өңірінің өрендері 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен жамбы атудан Әлем чемпионатында үздік атанды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар