Түркістанды түрлендіру: 115 іс-шараны қамтитын ауқымды жоспар әзірленіп жатыр

Dalanews 22 қар. 2018 09:14 686

Ал құтты болсын! 2024 жылға дейін Түркістан облысын дамыту бойынша арнайы кешенді жоспар әзірленіп жатыр.

Жоспар өте үлкен әрі ауқымды, онда 115 іс-шара бар. Соның арасында кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын, құрылыс, турзимді, ТКШ-ны дамыту бойынша бағыттар бар.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар шаһар санатына жатқызылды. Оңтүстік Қазақстан облысы атауы Түркістан облысы деп өзгертілді және оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді. Конституциялық заң жобасымен «Қазақстан Республикасында сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу көзделген», — деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда, аталған заң жобасын қабылдау заңнамалық актілердің республикалық маңызы бар қалаларға қатысты нормаларын Шымкент қаласына да қолдануға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын Елбасы Түркістанды дамытудың негізгі бағыттарын атаған болатын. Президенттің айтуынша, Түркістан облысының каржылық тұрақтылығын күшейту керек. Себебі Шымкент республикалық маңызы бар қала ретінде бөлініп кетті. Оған қоса, 2,8 миллион халықтың 1 миллионы сол қалада тұрады.

«Бюджеттер бөлінді. Сондықтан Түркістан облысының бюджетін толықтыру қажет. Бүгінгі таңда облыс бюджеті қажеттілігінің 20 проценті ғана өз күшімен қамтамасыз етіледі. Ол - өте аз. Сондықтан жаңа резервтерді, бюджетті толықтырудың жаңа көздерін табу қажет», - деген еді Н.Назарбаев Түркістанды дамытуға арналған кеңесте.


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар