Қазақстан тәуелсіз ел ретінде Азия ойындарына алғаш рет 1994 жылы қатысты. Жапонияның Хиросима қаласында өткен сол жарыста ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте төртінші орынға көтерілді. Содан бері еліміз құрлық додасының тұрақты қатысушысына айналды. Алайда кейінгі жиырма жылда Қазақстанның жалпы есептегі көрсеткіші төмендей бастады. Dalanews.kz редакциясы ұлттық құраманың 2006 жылдан 2026 жылға дейінгі нәтижелеріне шолу жасап, спорт сарапшысы Есей Жеңісұлының өзгерістің негізгі себептеріне қатысты пікірін білді.
Доха 2006
2006 жылы Қатар астанасы Дохада өткен XV жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетті. Ел спортшылары 23 алтын, 20 күміс және 42 қола медаль жеңіп алды. Барлығы 85 жүлде жинаған Қазақстан жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады.
Осы нәтижемен ұлттық құрама Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі орынға жайғасты.
Гуанчжоу 2010
Төрт жылдан кейін Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан 79 медаль иеленді. Оның 18-і алтын, 23-і күміс, 38-і қола болды. Нәтижесінде Иран Қазақстаннан жоғары көтеріліп, ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бесінші орын алды.
Инчхон 2014
2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында Қазақстан құрамасы Азия ойындарындағы ең жоғары көрсеткіштерінің біріне қол жеткізді. Спортшылар 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль жеңіп, жалпы 84 жүлде иеленді.
Дәл осы додада жүзуші Дмитрий Баландин 50, 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуден үш мәрте чемпион атанды. Қазақстан Инчхоннан кейін әзірге жалпыкомандалық есептегі алғашқы төрттікке қайта орала алған жоқ.
Джакарта мен Палембанг 2018
2018 жылы Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында өткен Азия ойындары Қазақстан спортының құрлықтағы орны әлсірей бастағанын көрсетті. Ұлттық құрама 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медаль алды. Жалпы қоржынға 76 жүлде түсті.
Медаль саны Гуанчжоу мен Инчхондағы көрсеткіштен аса алшақ болмағанымен, алтын жүлде азайды. Соның салдарынан Қазақстан жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға сырғыды. Бұл тәуелсіздік кезеңіндегі сол уақытқа дейінгі ең төмен нәтиже еді.
Ханчжоу 2022
2022 жылғы жазғы Азия ойындары коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегеріліп, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтті.
Қазақстан құрамасы бұл додада 10 алтын, 22 күміс және 48 қола медаль жеңіп алды. Жалпы саны 80 жүлдеге жеткенімен, ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 11-орында қалды.
Бұл Қазақстанның жазғы Азия ойындары тарихындағы алтын медаль саны жағынан да, командалық орын бойынша да ең төмен көрсеткіші болды.
Аичи–Нагоя 2026
2026 жылы Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 12 алтын, 24 күміс және 48 қола бар. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Ханчжоумен салыстырғанда медаль саны төрт жүлдеге, алтын саны екі жүлдеге артты. Қазақстан бірден үш саты жоғарылады. Бокстан Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, ел құрамасына осы спорт түрінен 12 жылдан кейін алғашқы Азия ойындарының алтынын әкелді. Аралас жекпе-жек өкілдері де бағдарламаға алғаш қосылған жарыста екі алтын жеңіп алды.
Спорт сарапшысы не дейді?
Спорт сарапшысы Есей Жеңісұлының айтуынша, кейінгі жиырма жылда Азия спортындағы бәсекенің сипаты айтарлықтай өзгерген. Бұрын құрлық додасында Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяның үстемдігі анық байқалса, қазір өзге мемлекеттер де жекелеген спорт түрлерін жүйелі түрде дамытып, көшбасшыларға жақындай бастаған.
“Азия ойындары 1951 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл құрлықта спортқа бұрыннан ерекше мән берілген. Кейінгі жылдары Қытай, Жапония мен Оңтүстік Корея ғана емес, басқа елдер де жоғары деңгейде бәсеке қалыптастыра бастады. Биылғы Азия ойындарында бұл анық көрінді. Өзбекстан өзіндік спорт державасына айналып келеді. Иран да түрлі саяси және геосаяси жағдайларға қарамастан, спорттағы белсенділігін жоғалтқан жоқ”, - дейді сарапшы.
Оның сөзінше, бұрын Азияда кең таралмаған кейбір спорт түрлерінде де жаңа елдердің өкілдері жүлдеге таласа бастаған. Парсы шығанағындағы мемлекеттер де өз құрамаларын күшейтіп, халықаралық деңгейдегі спортшыларды тартып жатыр.
“Бахрейн күреске Ресей мен Кавказ елдерінен мықты балуандарды тартып, жақсы дәстүр қалыптастырып келеді. Жеңіл атлетикада Африкадан және Азияның өзге елдерінен спортшылар шақырып жатыр. Сауд Арабиясы мен Қатардың да кейінгі жылдары спортқа ерекше мән бере бастағанын көріп отырмыз. Сондықтан Азиядағы ешбір елді спортта әлсіз деп қабылдауға болмайды. Әр мемлекет өзінің қай спорт түрінен нәтиже көрсете алатынын анықтап, сол бағытты дамытып жатыр”, - дейді Есей Жеңісұлы.
Сарапшы Азиядағы бәсекенің артқанын Қытай құрамасының көрсеткішінен де байқауға болатынын айтады. Ханчжоуда 201 алтын алған Қытай Аичи–Нагояда 169 алтын иеленді. Яғни құрлық көшбасшысының алтын жүлдесі 32 медальға азайды.
“Бұл өзге елдердің күшейіп, Азиядағы бәсекенің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді”, - дейді ол.
Саннан сапаға көшетін уақыт жетті
Қазақстан құрамасының кейінгі Азия ойындарында қола медальды көп иеленуіне тоқталған сарапшы мәселе жалпы жүлде санында емес, оның сапасында екенін атап өтті. Ханчжоу мен Аичи–Нагояда Қазақстан 48 қола медальдан алды. Ал алтын жүлде саны тиісінше 10 және 12 болды.
“Қола жүлденің саны көп өзгерген жоқ. Енді саннан сапаға жұмыс істеуіміз керек. Қола жүлдегерлерді финалға жеткізіп, күмісті алтынға айналдыратын уақыт жетті. Қазақстан жалпы медаль саны бойынша Азиядағы үздік бес елдің қатарына енді. Бұл спортшыларымыздың жүлде үшін күресе алатынын көрсетеді. Ендігі міндет сол мүмкіндікті чемпиондық нәтижеге айналдыру”, - дейді Есей Жеңісұлы.
Ол Қазақстан мен Өзбекстанның нәтижесін салыстыра отырып, жалпыкомандалық есепте алтын медальдың шешуші маңызға ие екенін айтты. 2026 жылғы Азия ойындарында Өзбекстан Қазақстаннан жалпы жүлде саны жағынан кейін қалғанымен, 21 алтын медаль жеңіп, үздік бестікке енді. Қазақстан 12 алтынмен сегізінші орын алды.
“Біз 2014 жылғы Инчхон Азиадасында қол жеткізген межемізге қайта ұмтылуымыз керек. Кезінде 99 немесе 100 медаль аламыз деген мақсат қойдық. Қазір 84 медальмен шектеліп отырмыз. Дегенмен мен Қазақстан спортын жоққа шығарғым келмейді. Қазіргі жүлдегерлеріміздің басым бөлігі еліміздің спорт мектептерінде тәрбиеленген. Бұл біздің бағытымыздың дұрыс екенін көрсетеді”, - дейді сарапшы.
Есей Жеңісұлы Қазақстан спортын дамытуда мемлекет пен жеке сектор арасындағы байланысты күшейту қажет деп есептейді. Оның пікірінше, Азияның бірқатар елінде жеке меценаттар жекелеген спорт түрлеріне тұрақты қолдау көрсетіп, нәтижеге ықпал етіп отыр.
“Бізде спортты негізінен мемлекет дамытады. Ал көптеген елде жеке меценаттардың қолдауымен дамып жатқан спорт түрлері бар. Сондықтан мемлекет пен жеке сектордың байланысын жақсартып, қаржыны нақты нәтижеге бағыттауымыз керек”, - дейді ол.
Аймақтардағы спорт назардан тыс қалмауы керек
Сарапшы Қазақстан спортының негізгі табысы үш мегаполиспен шектеліп қалмауға тиіс екенін де айтты. Оның пікірінше, Алматы, Астана және Шымкенттен бөлек, облыстардағы спорт мектептері мен инфрақұрылымды дамытуға басымдық беру қажет.
“Бұрын Алматы және Түркістан облыстарынан барған спортшылар міндетті түрде жүлде алып қайтатын. Бұл жолы аймақтардың көрсеткіші төмен болды. Үш мегаполистің спортшыларының жетістігіне ғана сүйенбей, кез келген өңірден чемпион шығатындай жағдай жасауымыз керек. Ол үшін аймақтардағы спорт инфрақұрылымын дамыту қажет. Бұл бағытта белгілі бір қадамдар жасалып жатыр, оның нәтижесін алдағы бір-екі циклда көреміз деп ойлаймын”, - дейді Есей Жеңісұлы.
Қай спорт түрлеріне басымдық беру керек?
Есей Жеңісұлы Азия ойындарын жеке жарыс ретінде ғана емес, Олимпиадаға дайындықтың бір кезеңі ретінде қарастыру қажет деп санайды. Оның айтуынша, кейінгі жылдары мемлекеттік қаржы бөлінетін спорт түрлері іріктеліп, олимпиадалық дисциплиналарға басымдық беріле бастаған.
Сарапшы 2026 жылғы Азия ойындарында дзюдошылардың финалға дейін жетуін жақсы көрсеткіш деп бағалады. Алайда төрт қазақстандық дзюдошы жекелей сындағы шешуші белдесуде, ал ұлттық құрама командалық финалда Жапония өкілдеріне жол берді.
“Дзюдошыларымыз жақсы өнер көрсетті, бірақ финалға шыққан төрт спортшымыз да, аралас командалық сындағы құрамамыз да Жапониядан жеңілді. Енді осындай қарсыластарға қарсы қандай дайындық қажет екенін талдауымыз керек. Еркін және грек-рим күресінен нәтиже біршама жақсарғанымен, алтын медаль жоқ. Өзімізге дәстүрлі түрде жақсы нәтиже әкелетін спорт түрлерін одан әрі дамытуымыз қажет”, - дейді ол.
Сарапшы әйелдер боксы, ауыр атлетика және стенд атудан нәтиже күткен деңгейде болмағанын атап өтті. Сонымен қатар байдарка мен каноэде есу, академиялық есу, жүзу және жеңіл атлетикаға көбірек көңіл бөлу керек деп есептейді.
“Ескек есудің бірнеше бағытын дамытуға біздің инфрақұрылымымыз да, мүмкіндігіміз де жетеді. Жеңіл атлетикада көрсеткіштер біртіндеп жақсарып келеді. Алайда Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова мен Дмитрий Карповтан кейін Олимпиадада жүлдеге таласатын спортшыны әлі шығара алмай отырмыз. Жүзуде де Дмитрий Баландиннің 2016 жылғы алтынына сүйеніп қана қалмай, сол жеңістің жалғасын қалыптастыруымыз керек”, - дейді Есей Жеңісұлы.
Оның пікірінше, Қазақстанның Азия ойындарында қайтадан үздік төрттікке немесе үздік бестікке енуі үшін жалпы жүлде санын көбейту жеткіліксіз. Спортшыларды финалдық бәсекеге дайындау, дәстүрлі спорт түрлеріндегі орынды сақтап қалу және көп медаль сарапқа салынатын жүзу мен жеңіл атлетиканы жүйелі дамыту маңызды.
“Біздің алдымызда жеңіс дәстүрі бар. Енді сол дәстүрді неге үзіп алғанымызды саралап, қайта жалғастырудың жолын табуымыз керек”, - деп қорытындылады Есей Жеңісұлы.