Түркістандағы “Рауан” компаниясының ұжымы Тоқаевтан көмек сұрады

Түркістандағы “Рауан” компаниясының ұжымы Тоқаевтан көмек сұрады
Фото: видеодан скрин

Түркістан облысындағы “Рауан” компаниясының ұжымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компания қызметкерлерінің айтуынша, “Рауан” 25 жылдан бері Қазақстанда заңды кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде кәсіпорын ел бюджетіне шамамен 2,15 млрд теңге салық төлеген. Сонымен қатар өнімдерін Қазақстаннан бөлек Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанға экспорттап отырған.

Ұжым өкілдерінің сөзінше, кейінгі уақытта компанияға қатысты тексерістер мен шағымдар көбейген. Олар мемлекеттік органдардың әрекетін қысым ретінде бағалап отыр.

“25 жыл бойы мұндай жағдай болған емес. Қазір компанияның барлық рұқсат құжаттары мен қызметі күмән астында қалып отыр”, – деді ұжым өкілдері.

Мәлімдемеде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аты да аталып, жергілікті билік тарапынан әкімшілік кедергілер жасалып жатқанын алға тартты. Компания өкілдерінің айтуынша, бірқатар рұқсат құжаттарының күші тоқтатылып, жер, экология және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау салалары бойынша тексерістер жүргізілген.

Сондай-ақ ұжым компания жұмысының тоқтауы мыңдаған адамға әсер етуі мүмкін екенін айтты. Қазіргі таңда кәсіпорын Қазақстан бойынша 32 дистрибьютормен жұмыс істейді. Бұл шамамен 40 мың дүкенді қамтиды.

Компания қызметкерлерінің бірі Марина Богомазова “Рауанда” 25 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтып, жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесуді сұрады.

“Бұл жер біз үшін екінші отбасы секілді. Әр қызметкердің артында отбасы, бала-шаға, несие бар. Біз жұмысымызды жоғалтқымыз келмейді. Еліміздің игілігі үшін еңбек етуді жалғастырғымыз келеді”, – деді ол.

Ұжым Президенттен жағдайға назар аударып, компания қызметіне байланысты мәселелерді қарастыруды сұрады.