Түркістандағы жаңа ғимараттар бірыңғай дизайн кодпен бой көтермек

Ақтоты Жапатова 16 қыр. 2025 14:05

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында құрылыс саласындағы жоспарланған жобалар пысықталып, олардың сәулеттік келбеті мен аймақтың даму стратегиясына сәйкестігі талқыланды. Жиында тұрғын үй, туризм, мәдениет бағытындағы жаңа нысандардың жобалары ұсынылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Түркістан облысында бой көтеретін нысандардың сәулеті бекітілген дизайн кодқа сәйкес салынуы шарт. Әрбір нысанның құрылысы қатаң бақылауда тұр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармаларға архитектуралық шешімдерде өңірдің ерекшелігі мен ұлттық нақышты сақтай отырып, заманауи цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен қолдануды жүктеді.

– Өңірде салынатын нысандардың эскиздік жобаларын әзірлеу барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар жобалар заманауи талаптарға сай, эстетикалық және функционалдық тұрғыдан үйлесімді болуы тиіс, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жеке инвесторлар «Жаңа қала» мөлтек ауданы аумағында тұрғын үй кешендерін салу, демалыс аймағы бар қонақ үй салу, жаңа мешіт аумағына коммерциялық нысандар салу жобаларын таныстырды. Сонымен қатар облыс орталығынан бой көтеретін «Филормония» мен қалалық әкімшілік ғимаратының сәулеті көрсетілді. Одан бөлек, Шардара жағажайының аумағын абаттандыру жайы талқыланып, Түлкібаста «Балықкөл» жобасын іске асыру бойынша ұсыныс айтылды.

Облыс әкімі әрбір жобаның сапасына, қолданылатын материалдарға, абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларда функционалдық пен қолжетімділік маңызды екенін атап өтті. Жауапты тұлғаларға ұсынылған жобаларды нақтылап, бекітілген мерзімге сәйкес жүзеге асыруды тапсырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар