Түркістанда «Таза Қазақстан» акциясы аясында туристік нысандар мен киелі орындар тазартылуда

Жарбол Кентұлы 16 сәу. 2024 11:02 2906

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте туристік нысандар мен киелі орындарға тазалық жұмыстарын жүргізу мәселесі қаралды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтіп жатыр. Өткен аптада «Таза өлке» апталығы ұйымдастырылса, енді «Киелі мекен» апталығы басталып отыр. Осы науқан аясында тарихи-мәдени орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу қажет.

Заң талаптарына сәйкес, облыстағы санитарлық-гигиеналық орындардың қызметіне тұрақты түрде бақылау жүргізіп, санитарлық талапқа сәйкес келмейтін орындарды реттеу үшін алдын ала шаралар қабылдаңыздар. Ең алдымен туристік нысандардағы және оларға баратын жол бойында сын көтермейтін санитарлық-гигиеналық тораптарды жою мәселесі тұр.

Жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер. Қызмет көрсететін жерлерді анықтап, заманауи талапқа сәйкес келетін жылжымалы дүңгіршектерді орнату жұмыстарын ұйымдастыруымыз керек. Бұл бір жағы шағын және орта бизнесті дамытуға сеп болады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік маусымға дайындығы да аса маңызды, – деген облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік нысандарда да тазалық жұмыстарын жүргізуді тапсырып, жауапты басқармаларға міндеттемелер жүктеді.

Жиын барысында Түркістан облыстық Мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов облыстағы туристік нысандардың санитарлық жай-күйі және экотуризмнің дамуы бойынша баяндама жасады.

Оның айтуынша жалпы 2023 жылы туристер ағынының өсуі байқалған. Жыл қорытындысымен Түркістан облысына келген туристер саны 562,8 мың адамды құраса, өңірге 1 миллионға жуық біркүндік келуші келген. Облыс бойынша республикалық маңызы бар автомбиль жолдары бойында жер телімдерінде 115 жол сервис нысаны және демалыс алаңдарындағы 8 санитарлық гигиеналық торап орналасқан.

Сондай-ақ, жеке инвесторлар тарапынан тағы 5 торап салу жоспарлануда. 24 демалыс алаңы бар, олардың қарқындылығы тәулігіне 3700-ден астам автокөлікті құрайды.

Түркістан өңірінде туризм саласының дамуына тың серпін беретін мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде, туристік нысандар аумағында және оларға барар жол бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға ай сайын 83 300 теңге көлемінде субсидия қарастырылған.

Бұл тораптарды коммерциялық мекемелерге сенімгерлік басқаруға бере отырып күтіп ұстау мәселесін шешуге болады. Бүгінде кәсіпкерлік субъектілерінен 3 өтінім түсіп, оң шешім қабылданған. Жалпы 88 торап болғанымен, туристік нысандар аумағында 39 санитарлық-гигиеналық торап орнату қажеттілігі бар.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында әр аптада табиғатты аялау бағытында іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл бастамаға аудан, қала әкімдіктері де атсалысып, өңірдегі туристік нысандарға тазалық жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар