Түркістан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңғыртылған ондаған мектеп асханасы санитарлық талапсыз қызмет көрсеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, облыс прокуратурасы білім беру ұйымдарындағы асханалардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін талдаған. Нәтижесінде, кәсіпкерлер жаңғыртып, пайдалануға берген 70 мектеп асханасының міндетті санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істегені анықталған.
Осыған байланысты прокуратура облыстық әкімдік пен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің атына қадағалау актілерін енгізді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 50 мектеп қажетті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алып, 12 184 оқушыны талапқа сай тамақтандыру мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Жол берілген заңбұзушылықтар үшін мектеп басшылары мен кәсіпкерлерге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігі бойынша 81 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7,3 млн теңгеден асты.
