Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ғимаратында осы жобалар ресми түрде басталды. Қоғамдық денсаулық басқармасына Түркиядан әкелінген екі жасанды тыныс алу аппараты ұсынылса, 20-дан астам науқасқа шалдыққан мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек тапсырылды. Аппаратты жеткізуге атсалысқан Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен елшісі Абзал Сапарбекұлына алғыс айтылды.
«О2mir» жобасының мақсаты – қазір елімізде тапшы болып отырған оттегі аппараттарын шет мемлекеттерден өңіріміздегі емханаларға жеткізу. Ал «Shipa» жобасы арқылы орта деңгейдегі дәрі-дәрмектер қорапшасын дайындап, оны ауыл-аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен және де аз қамтылған көпбалалы отбасыларға отбасыларға тарату көзделген.
Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ел жанашырлары, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция өкілдері мен өзге де азаматтар қолдау көрсетті.
Қазірдің өзінде қорға 10 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Бұл қаржының бір бөлігіне Түркия және Қытай елдеріне 50 жасанды тыныс алу аппаратына тапсырыс беріліп, олар алдағы аптада өңірге жеткізіледі. Сонымен бірге әзірге 300 дәрі-дәрмек қорапшасын елге тарату көзделген. Әрбір дәрі қорапшасының құны 14-15 мың теңге көлемінде. Қорапша ішінде Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан ұсынылған, қазір белең алып отырған коронавирус пен пневмания сырқаттарының алдын алуға, емделуге арналған дәрілер мен құралдар бар.
Алғашқы екі жасанды тыныс алу аппаратын алуға демеушілік көрсеткен «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл жобалар өңірдегі жас еріктілерді игі іске жұмылдырып отырғанын жеткізді.
– Қазір елімізде коронавирус індеті кең таралып, ел қиналып жатыр. Науқастар саны да артып келеді. Түркістан облысында COVID-19 расталған науқастар саны 2370-тен асты. Өкінішке қарай, жасанды тыныс алу аппараттары мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі де байқалып отыр. Сондықтан да партия бастамасымен өңірдің белсенді жастарынан құралған «Jas Turkistan» еріктілер қозғалысы құрылып, осы жобаларды бастап кетті.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасымен де бірлесіп атқарылады. Бұл игі бастамаға партия өкілдері, мәслихат депутаттары қолдау көрсетіп жатыр. Пандемиямен күресте, мұқтаж отбасыларға көмектесуде аталған жобалар тиімділігін көрсетеді деп сенемін. Осы қиын кезеңде елге көмектесуге барша азаматтарды атсалысуға шақырамыз, – деді Б.Тәжібаев.
Жалпы бұл жобаға қазір облыстық мәслихат депутаттары – Нұралы Әбіш (5 млн теңге), Алмас Салимов (1 млн теңге), Жаңабай Ағабеков (1 млн теңге), Мағауия Тұрысбеков (875 мың теңге), Қайнар Аббасов (767 мың теңге), Баймахан Сүлейменов (200 мың теңге) аударды.
Сонымен бірге Жазира Ыдырысова (1 млн. 50 мың теңге) мен Инара Намазбаева (400 мың теңге) сынды ел жанашырлары да қаржылай қолдау көрсетіп отыр.
Өңірдегі волонтер жастар сонымен бірге ауруханалардағы науқастарға саумал мен қымыз және азық-түлік жеткізуді қолға алды.
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Амалбек Өміртай мен «Jas Otan» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман жобаларды жүзеге асыруға ауыл-аймақтардағы жастар да үлес қосатынына сенім білдіріп, сауапты іс тұтас облысты қамтитынын жеткізді.
«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі