Түркістанда көру қабілетінен айырылған азаматқа жаңа үй берілді

Ақтоты Жапатова 21 шіл. 2025 14:46

Бүгін «Үлес» қайырымдылық қоры өзінің игі істерінің жалғасы ретінде Түркістан қаласында тұратын І топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Ахлиддинов Арман мен жұбайы Лена Ахлиддиноваға жаңа баспана табыстады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл — қор тарапынан берілген 50-ші баспана.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қуанышына ортақтасқан Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы арнайы сый-сияпатымен жаңа баспананың кілтін табыстады.

Арман Ахлиддинов көру қабілетінен айырылған ардагер ақсақал, ал жұбайы Лена арбаға таңылған. Қиындықтарға қарамастан, отбасы өмірге құлшыныспен қарап, ұлдарын тәрбиелеуде. Қазіргі таңда олардың жалғыз ұлы жалпы орта мектептің 9-сыныбында білім алуда.

Жанұяның негізгі табыс көзі – мемлекет тарапынан берілетін мүгедектікке байланысты әлеуметтік жәрдемақы және өзге де мемлекеттік қолдау түрлері. Осындай өмірлік жағдайларды ескере отырып, «Үлес» қайырымдылық қоры бұл отбасына баспана сыйлады.

Жаңа тұрғын үйге ие болған отбасы әкімдік пен қордың қайырымды ақсақалдарына шынайы алғысын білдіріп, істеріне сәттілік тіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар