Осы орайда Түркістан қаласы Есімхан алаңында Түркістан облысында мемлекет тарапынан қолдау алған тауар өндіруші кәсіпорындар жобаларының көрмесі болып өтті.
Осынау шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков қатысып, облысымызда өндірілген бірегей өнімдермен танысты.
Аталған көрменің мақсаты — Түркістан өңіріндегі тұтыну нарығын барынша дамытып, оларға қолдау көрсету, халық тұтынатын сұраныстағы тауарларға демонстрация жасау және де оларды сату. Кең ауқымды шараға аймақтағы 100-ден астам кәсіпорын қатысып, өз өнімдерімен таныс етті.
Көрме барысында облыс әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков жәрмеңкеге қатысқан ең үздік кәсіпкерлерді облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, касіпкерлердің жұмысына табыс тіледі.
"Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Отандық өндірушілерді қолдау экономиканы дамытудың бірден-бір тетігі" – деді ол.
Көрмеге келушілерге азық-түлік, өнеркәсіптік тауарлардың кең ассортименті ұсынылып, өнерпаздар мен аниматорлардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен бірге, қонақтар арнайы ұйымдастырылған 500 адамға лайықталған палау тағамынан дәм татты.*