Айтулы шараға қатысқан Оқу-ағарту министрі көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады.
– Құрметті киелі де, қасиетті Түркістанның арда жұрты. Бүгін қуанышты әрі үлкен іс-шараға қатысып отырғаныма риза болып тұрмын. Жалпы, әрбір ашылған жаңа мектепті аға буынның еліміздің ертеңгі ел тізгінін ұстайтын мықты ұрпақты қалыптастыруға қосқан үлесі деп қабылдаймын.
Білім саласына шынайы жанашырлығын көрсетіп жүрген Түркістан облысы әкімдігіне министрлік атынан шынайы алғысымды білдіремін. Білім-инновация лицейлері сапалы білімі мен мықты көрсеткіштері арқылы елімізге танылып үлгерген. Мемлекет мықты болуы үшін білім түзелуі керек.
Сондықтан біз осы саланы дамытуға барлық мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Осындай үлгідегі мектептерді ауылға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Кез келген ауылдың мектебі жарқырап-жайнап тұруы керек, ұстаздары мықты болуы қажет. Әрбір ұрпақ үшін сапалы білім қолжетімді болуы тиіс және еліміздегі мектептер Білім-инновация лицейлері сияқты жұмыс істеуі қажет, – деді Ғани Бейсембаев.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе білім сапасын жақсарту, ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсетуді тапсырған болатын.
Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі – бүгін Түркістан төрінде «Түркістан Білім-инновация» лицей-интернатының жаңа ғимаратының ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз.
Бүгінгі қуанышты сәтке арнайы келгені үшін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлына алғысымды білдіремін. Бұл білім ұясы облыстық мектептер рейтингісінде – 1 орында, республикада 28-орында тұр. Сондықтан Түркістан төрінде жаңа ғимаратын салып беруді жөн деп таптық.
Алдағы уақытта осы білім ұясына әрбір аудан, қаланың білімді оқушыларын шоғырландыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге басқа аудан, қалаларда да осындай лицейлерді жасақтау көзделген. Оқушыларды көріп, сіздерге қызығып тұрмын. Біздің бала кезімізде мұндай мектептер болмаған.
Өңірде мемлекеттік бюджет есебінен 33 мектептің құрылысы қолға алынды. Қазіргі таңда осы 33 мектептің 10-ы тапсырылды. Жыл соңына дейін 10 мектеп, 2024 жылы қалған 13 мектеп пайдалануға беріледі. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз.
Ұстаздар мен оқушыларға табыс тілеймін. Жаңа ғимарат құтты болсын! Осы мектептен елімізді басқаратын білімді, мықты азаматтар шыға берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Ашылу салтанатынан кейін министр мен облыс әкімі бастаған топ лицей-интернаттың оқу кабинеттерін, асханасын, спорт залын аралады. Зияткер оқушылардың ғылыми жобаларымен танысты.
700 орындық мектеп заманауи оқу құралдарымен, пән кабинеттерімен, жатақханамен қамтылған. Бұрын Кентаудағы ғимаратта оқыған оқушылар енді осы жаңа ғимаратта білім алады.
Бұл «Білім-инновация» лицей-интернатында барлығы 416 оқушы бар. 2023-2024 оқу жылы 7-сыныпқа 150 оқушы қабылданса, 8-сыныпқа 75 оқушы қабылданған. Лицей-интернатта 43 педагог жұмыс істейді. Олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарының республикалық кезеңіне 26 оқушысы қатысып, 7 оқушы жеңімпаз атанған.