Түркістанда «Айбын-2024» әскери-патриоттық сайысы өтті

Жарбол Кентұлы 19 сәу. 2024 10:32 842

Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлына 100 жыл толуын мерекелеу аясында Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті және білім басқармасының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» ұйымдастыруымен Төлеби ауданындағы «Бәйшешек» жазғы сауықтыру легерінде «Айбын – 2024» облыстық әскери-патриоттық жиынына іріктеу сайысы өткізілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарыстың ашылуына Түркістан облыстық Қорғаныс істер жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев, облыстық білім басқармасы «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» өкілдері, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі мен жергілікті соғыс ардагерлері қатысып,  жас сарбаздарға сәттілік тілеп жылы лебіздерін білдірді.

– Болашақ ел сарбаздарын жастайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ерлік рухты қалыптастыру қазақстандықтардың ортақ парызы, тікелей міндеті болып саналады. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шарадағы нәтижелер алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жақсы деуге болады. Тартысты өткен іріктеу сайысынан анықталған 10 ер баламыз бен 5 қыз бала алдағы халықаралық сайыста жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенемін, – дейді Жандос Күлдербаев.

 

Жалпы жарысқа аудан, қалалардан барлығы 17 командадан құралған 255 жасөспірім қатысты. Белтемірге тартылу, арқада жатып кеудені көтеру, әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтық ату, АК-74-ті жартылай шашу мен жинау, жамылғы түріндегі жалпы әскери қорғаныс киімін кию сынды жарыс түрлерінен  бақ сынады.

«Айбын» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы  бойынша  І орын  Арыс командасына бұйырса, ІІ орынды  кентаулықтар жеңіп алды, ал үздік үштікке Түлкібас ауданының құрамасы тұрақтады. Жарыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары маусым айында Құрлық әскерлерінің әскери институтының базасында өткізілетін халықаралық кезеңге жол тартады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x