Астана әкімдігі жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) нақты іске қосылатын күнін жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев LRT алдағы демалыс күндері – 16-17 мамырда іске қосылатынын айтқан еді. Ал әкімдік мәліметінше, жүйенің ресми іске қосылатын күні – 17 мамыр, жексенбі.
Жол жүру құны қолма-қол және қолма-қолсыз төлем кезінде 200 теңге болады. Сонымен қатар 7-18 жас аралығындағы оқушылар мен Астанада тіркеліп, тұрақты тұратын жеңілдік санатындағы жолаушыларға тегін жол жүру қарастырылған.
LRT бағыты елордадағы негізгі көшелер мен маңызды нысандарды қамтиды. Атап айтқанда, пойыздар әуежай, Қабанбай батыр даңғылы, «Астана жұлдызы» стеласы, Mega Silk Way, Ботаникалық бақ, Abu Dhabi Plaza, Министрліктер үйі, Арыс көпірі, Қалдаяқов көшесі, Ұлттық музей және «Нұрлы жол» вокзалы арқылы қатынайды.
Құрамдар күн сайын таңғы сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін жүреді.
Әкімдік мәліметінше, желіде 15 пойыз қатынайды, оның төртеуі резервте болады. Пойыздардың жылдамдығы сағатына 60 шақырымға дейін жетеді. Төрт секциядан тұратын бір құрам толық жүктемемен 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.