Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс»екендігін айтқан болатын. Осы ретте Түркістан облысында цифрландыру, IT, интернет саласын дамыту бойынша ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Turkistan hub-та облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен "AI көмегімен сайттар жасау" туралы Workshop өтті. Воркшопта Алматы қаласындағы Халықаралық IT Университетінің (МУИТ) түлегі спикер Мұхамеджан Бөрібек эксклюзивті мастер-класс көрсетті.
-Бүгінгі іс-шарада кәсіби сайттарды жасанды интеллекттің көмегімен жасау әдістері айтылды. Ақылды құралдармен код жазу әлемін білуге болады. Сондай-ақ сайтты бірегей ететін әсерлі анимацияларды қалай жасау керектігін түсіндірдік. Воркшопқа заманауи технологиялар туралы көбірек білгісі келетін тәжірибелі жастар жиналды сөзсіз, - деді спикер.
Айта кетейік, келесі жылы Астанада “Жасанды интеллект” ұлттық орталығы іске қосылады деп жоспарлануда. Аталған орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлерге арналған мүмкіндіктер алаңына айналмақ.