Түркістанда 4 жаңа әлеуметтік дүкен ашылды

Ақтоты Жапатова 09 там. 2025 15:15

Түркістан қаласында тағы 4 жаңа әлеуметтік дүкен ашылып, қаладағы әлеуметтік дүкендер саны 30-ға жетті. Ғимараттар жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен салынып, игі бастама «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен серіктестікте жүзеге асырылуда,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Бүгінде жұмысын бастаған әлеуметтік дүкендерге тұрақтандыру қорының өнімдері жеткізіліп, белгіленген бағада халыққа ұсынылып жатыр.

– Түркістан облысында 39 әлеуметтік дүкен бар. Оның 7-еуі Кентау қаласында болса, 2-еуі Арыс қаласында, 30-ы Түркістанда орналасқан. Әрбір әлеуметтік дүкен көлемі – 50 шаршы метр. Бұдан бөлек, ірі сауда үйлерінде және 25 сауда орында әлеуметтік бұрыштар қарастырылған. Өңірдегі тауар өндірушілермен тығыз жұмыс істеп, аталған дүкендерге қажет өнімдерді жеткізуді ұйымдастырып келеміз. Мұнда тұрғындар күнделікті тұтынатын 19 түрлі тауар арнайы қолжетімді бағада сатылуда. Яғни, 40-50%-ға дейін төмен бағада ұсынылуда. Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру және әлеуметтік дүкендер санын арттыру бойынша жұмыстар жалғасады, - деді «Түркістан» ӘКК» АҚ Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева.

Әлеуметтік дүкендер Жаңа қала шағын ауданында бой көтерген. Мекен-жайлары:

  • 9-көше №20/3;
  • 11-көше | №14/1;
  • 24-көше №12/1;
  • 24-көше №16/1

Әлеуметтік дүкендердегі түрлі тауардың 2025 жылғы тамыз айына бекітілген бағалары:

  • Нан бөлкесі – 70 тг;
  • Ас тұзы – 45 тг;
  • Тауық жұмыртқасы - 40 тг;
  • Қырыққабат - 65 тг;
  • Пияз - 85 тг;
  • Сәбіз - 110 тг;
  • Картоп - 130 тг;
  • Қарақұмық жармасы - 180 тг;
  • 1 сұрыпты бидай ұны - 190 тг;
  • Рожки - 260 тг;
  • Тазартылған күріш - 350 тг;
  • Қант-шекер - 390 тг;
  • Пастерленген сүт (майлылығы 2.5%) - 370 тг;
  • Айран майлылығы 2,5% - 370 тг;
  • Күнбағыс майы - 550/585 тг;
  • Тауық еті - 970 тг;
  • Сүзбе (майлылығы 5-9%) - 1300 тг;
  • Сиыр еті - 2000 тг;
  • Сары май (72,5% майлығынан төмен емес) - 2300 тг.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар