Түркістанда 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ

Dalanews 29 қар. 2018 04:32 710

Бұл туралы TURKISTAN INVEST компаниясының басшысы Әлібек Несіпбеков мәлімдеді. 

Оның айтуынша бұл мақсатта Түркістан өңірінің инвестициялық тартымдылығы арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістанға инвестиция құйғысы келетін шетелдік кәсіпкерлер үшін өңірде барлық жағдай жасалған. 

«Атап айтар болсам қазіргі таңда «TURKISTAN INVEST» компаниясында облысқа жалпы құны 507 млрд. тенгені құрайтын 19 жаңа ірі жобаны тарту бойынша жұмыстар басталды. Оның ішінде, баламалы электр энергиясын өндіру бойынша - 6, ауылшаруашылық саласына қатысты - 5, өңдеу өнеркәсібіне қатысты 8 жоба бар. 4 кәсіпорынның биыл құрылысы басталды.

Барлық жобаларды жүзеге асыру аясында 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары пайда болады деп жоспарлануда. Олардың қатарында жалпы құны 13 240 млн. теңгелік «ЭкоПроТех-Астана» ЖШС күн электростанциясы - 20 адамды, құны 95 000 млн. теңгені құрайтын «Standard Petroleum & Co» ЖШС мұнай өңдеу зауыты - 1 000 адамды жұмыспен қамтымақ», - деді өз сөзінде Әлібек Ермұханұлы.

Айта кетелік, бұдан бұрын Түркістан облысына 1 млрд доллардан астам инвестиция тартылатыны хабарланған. 


Өңірде ірі үш кәсіпорын ашылады. Олар: түйе сүтін өңдеу, қалдықтардан жасанды талшық өндіру және алюминий жабындарын шығаратын зауыт.

Бұдан бөлек аймақта француз және неміс инвесторларының қаражатына жалпы сомасы 56 миллион АҚШ доллары болатын, қуаты 13 мегаватт екі күн электр стансасы салынып жатыр. Ал Сайрам ауданында 11 гектарлық жылыжай кешені бой көтереді. Жалпы, облыс бойынша қазір жарты миллиард долларға пара-пар жиын саны 10 инвестициялық жоба әзірленіп жатыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар