Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Бұл бағытта толық циклді 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары басталды. Мақта өнімділігі мен сапасын арттыру жұмыстары Ордабасы ауданында да атқарылып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ордабасы ауданына іссапар барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Төрткүл ауылында орналасқан мақта өңдеу зауытының жұмысымен, ондағы техникалармен танысты. Облыс әкімі өңірде мақта кластерін құру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, өнім сапасын арттыруға, инвесторлар тартуға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Нұр-Агро 73» ЖШС мақта талшығын өндіреді. Жоба құны – 255,0 млн теңге. Өндіріс қуаттылығы жылына – 35 000 тонна. Жеке кәсіпкер 300-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысы республикада мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Биыл мақта дақылының егіс көлемі 106,4 мың гектарды құрады. Бұл жалпы егістіктің 12 пайызы.