Сала мамандарының сөзінше, орталықта тіркеуде тұратын азаматшалардың барлығы дені сау сәбиді дүниеге әкелген. Өкініштісі сол ВИЧ-ті жұқтырғандардың көбі дәрігер айтқан диагнозға күмәнмен қарап, ем қабылдаудан бас тартып жатады екен.
Өңірде ВИЧ инфекциясын жұқтырған 3 343 азамат тіркеуде тұр қазіргі күні. Жылда тексеру жұмыстарын жүргізетін мамандар биылдың өзінде түзеу мекемесінде жатқан жеті азаматтан инфекция анықтаған. Сондай-ақ, шетелден келушілердің арсында да ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар көптеп кездеседі екен.
ЖИТС орталығының эпидемиологы Ынтымақ Мұсаевтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін 230 шет елден келген азаматтан ВИЧ инфекциясы анықталған. Инфекция анықталғандардың басым бөлігі Өзбекстан елінен келгендер. Ал жыл басынан бері шетелден келген 7 азаматтан қауіпті инфекция анықталыпты.
Айта кетейік, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары 15 қарашадан бастап, барлық қала тұрғындарын тегін тексеруге шақырады. Яғни, сіз орталыққа келіп өзіңіздің мәртебеңізді анықтай аласыз. Дәрігерлер биылғы жоспарға сәйкес халық арасындағы 90 пайыз тексеру жұмыстарын жүргізбек ниетте.