Бүгінгі таңда өңірден көрші елге ұн, ет, май өнімдері экспортталуда. Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков мәлім етті.
Ағымдағы жылдың 6 айында облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 146,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,4 млрд. теңгеге артқан. Республикада өнім көлемі бойынша облысымыздың үлесі 14,6 пайызға жетіп, 2-орынды иеленіп отыр. Ал ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 68,6 млн. АҚШ долларын құрап 18,2 пайызға артып отыр.
– 2018 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 4686,4 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 34 пайызды құрады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 448 мың гектар суармалы жерді игеру жоспары қазіргі таңда 3,3 пайызға артығымен орындалған. Бұдан өзге, биыл ауыл шаруашылығы саласындағы барлық техникалардың 6,2 пайызы жаңарды, – деді Серік Ордабекұлы.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда өңірде 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативтері тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінде елімізде салынған жылыжайлардың 77 пайызы, тамшылатып суғару әдісінің 73 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Өңірде жылыжай көлемін арттыру үшін қосымша 86,7 гектар жылыжай салынып, облыстағы жалпы көлемі 1287,7 гектарға жетті. Бұл туралы Серік Тұрбеков мәлім етті.
Сонымен қатар, тамшылатып суғару әдісі жаңадан 6 223 гектар аумаққа ендіріліп, жалпы көлемі 64,2 мың гектарға жеткен.
– Облыс бойынша дәнді дақылдардың барлық егіс көлемі 280,9 мың гектарды құрап, межеден 35,9 мың гектарға артты. Ал мақтаның егіс көлемі 129,7 мың гектарға жетіп, жоспардан 24,7 мың гектарға өсіп отыр. Бүгінгі таңда облыстағы барлық бау көлемі – 21 600 гектар, оның ішінде интенсивті баулар – 2 800 гектар, жүзім – 10 200 гектар, таңқурай – 208 гектар, жаңғақ шаруашылығы – 350 гектарды құрайды. Ағымдағы жылы қосымша интенсивті баулар – 940 гектар, жүзім – 570 гектар, жаңғақ 207 гектар алқапқа қосымша егілді, – деді Серік Ордабекұлы.
2018 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өңірдегі ірі қара малдың саны – 6,7 пайызға, қой мен ешкі саны – 5,2 пайызға, жылқы басы – 9,6 пайызға, түйе – 6,7 пайызға, құс саны – 13,8 пайызға артқан. Сондай-ақ, облыста есепті кезеңде 103,4 мың тонна ет, сүт 364,4 мың тонна сүт, жұмыртқа 95,1 млн. дана жұмыртқа өндірілген.
Бүдан өзге, «Сыбаға» бағдарламасымен 7352 бас аналық сатып алынып, жалпы аналық басқа шаққандағы үлесі 13,8 пайызға жетті. «Алтын асық» бағдарламасымен 11 893 бас қой сатып алынып, жалпы аналық басқа шаққандағы үлесі 5,1 пайызды құраған. «Құлан» бағдарламасы аясында 2059 бас жылқы алынып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі