Түркістан облысында қайта өңдеу саласы дамып келеді

Жарбол Кентұлы 11 қар. 2024 09:55 272

Түркістан  облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданындағы “Умаров Н» шаруа қожалығының қайта өңдеу цехын аралап, жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпкер тамшылатып суғаруға арналған иілгіш түтік шығару үшін 2023 жылы Қытай елінен арнайы қондырғы алып, іске қосқан.

Құрылғы сағатына 12000 метр өнім өндіруге қуатты. Кәсіпорында сонымен қатар, жылыжайға қолданылатын пленка және жіп шығарылады. Қолданыстан шыққан полиэтилен заттарын қайта терең өңдеу арқылы көшет егуге қажетті құтылар жасау да жолға қойылған. Цех 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Шаруа қожалығының басшысы Нұржан Омаров сондай-ақ, өз жылыжай кешенінде маусымдық кезеңде 25 азаматты жұмыспен қамтамасыз ететінін жеткізді.

Мақтаарал ауданындағы «Cotton Май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де шетелден жеткізілген автоматтандырылған қондырғылар орнатып, жаңа технологиямен мақта майын өндіруді бастады. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тонна шитті өңдеуге қауқарлы. 

Нұрбол Тұрашбеков ауыл шаруашылығын дамытуда жаңашылдық маңызды екенін атап өтті.

– Терең өңдеу технологиясы мен оның пайдасы туралы шаруаларды кеңінен ақпараттандыру қажет. Заман талабына сай өнім ұсыну үшін технологиялық жетістіктерден шет қалмауымыз шарт. Осы бағыттағы жұмысты реттеу арқылы нарықтағы айналымды да бір жүйеге келтіруге болады, – деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты мамандарға кәсіпкерлермен және шаруалармен келісе отырып, бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар